Бүгін – XX ғасырдың басында талайды сарсаңға алып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Естеліктері ешқашан ескірмейтін осы күнді шәкәрімдіктер ескерусіз қалдырған жоқ. Оқу орны басшылығы мен студенттері қуғын-сүргінге алғашқылардың бірі болып ұшыраған ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Шара «Тарих шындығы: зұлмат жылдар жаңғырығы» тақырыбындағы облыстық дөңгелек үстелімен жалғасын тапты. Бас қосуға университет басшылығы, Абай облысы әкімдігі, облыстық архив зұлмат жылдардың қасіретін зерттеген тарихшылар мен ғылыми қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғы сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің ректоры м.а. Оралканова Индира отарлық кезең мен кеңестік дәуірде орын алған халқымыздың қилы тағдырына қатысты оқиғаларды тарихтың таразысына салуға және әділ бағасын беруге байланысты нәтижелі қадамдар жасалып келетіндігін атап өтті.
-Соның нақты көрінісінің бірі – елімізде жыл сайын атап өтілетін «Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні». Сол сияқты, үкіметтің шешімімен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша бүгіндері барлық өңірлерде мемлекеттік комиссия жұмыс жасауда, олардың ішінде біздің мамандар да бар,- деді Индира Адылкановна.
Жиын барысында т.ғ.д., профессор Атантаева Бақыт «Историческая память о жертвах политических репрессий как фактор единения казахстанского народа», т.ғ.к., «Тарих және құқық» кафедрасының аға оқытушысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның Абай облысындағы өңірлік «Бай, кулактарды тәркілеу және толықтай ақтау» жұмыс тобының жетекшісі Кариева Тоты «Ауқатты шаруаларды тәркілеуге қатысты Кеңес өкіметі саясатының Семей облысы жерінде іске асырылуы (1928-1930 жж.)» , т.ғ.к., М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Боранбаева Бақтылы «Ғұбайдолла Әнесовтің антикеңестік "Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы" туралы (1941 ж.)» , "ҚЗТҚО" КММ ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның Абай облысындағы өңірлік «Алаш.....» жұмыс тобының мүшесі Қадырова Лаура «Архив деректері кеңестік зобалаңды әшкерелейді», Alikhan Bokeikhan University "Алаштану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның Абай облысындағы «Алаш қозғалысына қатысқандарды ақтау» өңірлік жұмыс тобының жетекшісі Рахметуллин Еркін «Алаш қайраткерлерінің қилы тағдыры архив деректерінде және естеліктерде» тақырыптарында баяндама жасады.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дөңгелек үстел аясында Қазақстанның еңбег сіңірген мәдениет қайраткері, Ресей жазушылар одағының мүшесі, архивист, жазушы-энтузиаст, Шығыс-Қазақстан облысы саяси репрессиялар құрбандарын толық ақтау жөніндегі аймақтық комиссиясының мүшесі Алдияр Ақылбекұлы Аубакировтың «Дело №... О чем говорят архивы» атты мұрағаттық құжаттар жинағының тұсауы кесілді. Аталған жинақты құрастырушы редакциялық алқа мүшелігіндегі болған білім ордасының постдокторанты Гүлмира Жанқадамова да бұл еңбектің жарық шығуына өзінің үлесін қосты.
Аталмыш «Дело №... О чем говорят архивы» жинағында осы уақытқа дейін құпия белгісімен сақталып келген депортацияға ұшыраған 100 тұлғаның жеке істері мен құжаттары берілген. Шығыс Қазақстан территориясындағы депортация үрдісін зерттеуші тарихшы-ғалымдар үшін өз пайдасын тигізетін мұрағаттық құжаттар мен дереккөздер жинағы ретінде құнды болатыны сөзсіз.