Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 қараша 2022кездесу, медиация

«СТЕРЕОТИПТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАҚТЫҒЫСТАР»: ЭТНОМЕДИАЦИЯ

Қазақстан халықтары Ассамблеясының XXXI сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев этномедиация жөніндегі оқу орталығын құруды тапсырған. Қазіргі таңда Абай облысында 4 медиация кабинеті жұмыс істейді.
Осы орайда Шәкәрім университетінде медиация институтын дамыту бойынша семинар-тренинг өтуде. Іс-шара ұйымдастырушылары - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Рух» психология және тұлғаны дамыту орталығы» ЖШС.
Семинардың мақсаты - этносаралық қақтығыстардың алдын-алу саясатын дамытуға ықпал ететін медиацияны пайдалану әдістері мен тетіктерін оқыту, оны реттеу бойынша білім мен дағдыларды қалыптастыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға байланысты қоғамдық ұйымдардың қызметінде жаңа нысандарды іздеу.
Тренингке ауыл әкімдері, білім беру жүйесінің өкілдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, этномәдени бірлестіктердің, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының өкілдері, медиаторлар қатысуда.
Жиында "Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты" ЖШС директоры Талғат Қалиев, "Рух" "Психология және тұлғаны дамыту орталығы" ЖШС директоры Резеда Баймұхаметова және "Демеу" еріктілер корпусының жетекшісі Имир Дулатов баяндама жасады. Спикерлер этномедиацияның дамуы мен рөлі төңірегінде пікір алмасты.
«Медиация - жаңа және маңызды бағыттың бірі. Ол әртүрлі қақтығыстарды шешуге септігін тигізеді. Мысалға, конфликтология жанжалдарды анықтау үшін қажет болса, медиация оларды шешудің бірден бір жолы , - деді спикер Талғат Қалиев.
Тыңдаушылар пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті, этносаралық қатынастардағы медиацияның нормативтік-құқықтық базасымен, мәдениетаралық дамудың негізгі қағидаттары мен перспективаларымен танысты.