Бүгін Шәкәрім шаңырағында "МЕКТЕП-КОЛЛЕДЖ-ЖОО" үштік бағдарлама негізінде болашақ мамандардың тілдік құзыреттілігін дамыту жөніндегі ғылыми диалогқа арналған «Тілдік құзыреттілік - жаһандану дәуіріндегі мәдениетаралық өзара іс-қимыл стратегиясы ретінде» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. Шараны Шет тілдер кафедрасы ұйымдастырды.
Конференцияның кіріспе сөзі Білім беру үрдісін ұйымдастыру департаментінің директоры Ұ.Тлемисовқа берілді. Ұлан Бағдатұлы тілдік құзыреттіліктің маңызына тоқталып, шет тілдерін үйретудегі заманауи технологияларды қолдану ерекшеліктерін айтып өтті. Жиын филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Мәдиеваның алғы сөзімен бастау алды. Ғалым мәдениетаралық құзыреттілік мәселесіне жан-жақты талдау жасады. Жиынға әр аймақтан 150-ден астам баяндамашылар қатысты.
Жиында көтерілген тілдік құзыреттілік мәселесін талдауға Қазақстанның ғылыми қауымдастығы ғана емес, еліміздің жалпы білім беретін және орта кәсіптік білім беру мекемелерінің практик мамандары – мұғалімдер де тартылды.
Аталған пленарлық мәжілісте еліміздегі тіл білімі мәселесі мен шеттілдік білім беру жүйесіндегі мәселелерді қарастыратын тың тақырыптар тыңдалды. Студенттер, магистранттар мен конференция қонақтары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, КИМЭП университеті сынды еліміздің жетекші оқу орындары қазақ-ағылшын тезаурусын құрастыру бойынша, шеттілдік білім беруді жүзеге асыру, тілдік тұлға, тілдік құзыреттілік, машиналық аударма мәселелері туралы келелі ой-пікірлерін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Конференцияның секциялық пікірталастарында қатысушылар қазақстандық білім берудің қазіргі жағдайындағы мәдениетаралық коммуникацияның теориялық және практикалық мәселелерін талқылады. Конференцияға қатысушылар жиында көтерілген мәселелерге үлкен қызығушылық танытты. Практикалық тәжірибеге сүйене отырып, "МЕКТЕП-КОЛЛЕДЖ-ЖОО" арасындағы ғылыми іс-шаралар отандық ғылымды дамытудың және мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы бірлескен жобалар шеңберін кеңейтудің маңыздылығын көрсетті.