Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 қазан 2024республика күні

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕДЕ ҮЗДІКТЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай  Shakarim University-де  «Менің елім – Қазақстан» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды.

Университет ректоры Думан Орынбеков көпшілікті Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін айтты.

«Бұл күн - елдің тарихи қалыптасуы мен дамуға деген ұмтылыстың символы. Қазақ зиялыларының әрқайсысы бостандықтың саяси, рухани және интеллектуалдық тәуелсіздікке негізделетінін айтып өткен болатын. Біз Шәкәрім Құдайбердіұлының ұстаным-пікірін жақсы білеміз. Ол ар-ұятсыз, адамгершілік негіздері мен рухани қайта өрлеусіз мықты мемлекет құру мүмкін емес екенін айтқан еді. Біз оны құрдық. Ол – біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасы. Біз бүгінде сынақтарға толы әлемде өмір сүріп отырмыз. Кедергілерді жеңе отырып, даму үстіндеміз. Әрқайсымыз бұрынғыдай ойлауға болмайтынын жақсы түсінеміз. Жаһандық өзгерістер жағдайындағы мемлекетіміз білімге негізделген болашақ құру жолында. Біздің университетіміз сияқты білім ордалары да осы өзгерістердің драйвері болуы тиіс»- деді ол.

Ұлттық мереке қарсаңында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер Шәкәрім университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапатына ие болды. Атап айтсақ, шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Жібек Калимова, тамақтану технологиясы кафедрасының профессоры Бақыткүл Асенова,  химия және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент) Ләззат Оразжанова және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Жандос Мұқаев,  «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін өңірлеріне тақса, «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының басшысы Ақмарал Смағұловаға «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.  Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғысымен, Құрмет грамотасымен, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру iсiнiң үздiгi»,  «Ғылым үздігі», «Тіл жанашыры» Құрмет дипломдарымен марапатталған әріптестеріміз де аз емес. 

Салтанатты кеш соңы студенттер дайындаған мерекелік концертке ұласып, жиналған қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.