Соның бірі – ақынның туған күні мәселесі. Шәкәрім ақынның өлеңіндегі:
Жылым – қой, жұлдызым – июль,
Жасым – жетi жүз он жетi ай.
Толық алпыс болады жыл,
Қосылса июнь, апрель, май, -
деген жолдар июль айында дүниеге келгендігінің нақты айғағы.
Ал ақынның туған күні кейбір еңбектерде 11 шілде, енді бірінде 24 шілде деп беріледі. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың «Әкемнің шығармалары жайында» деп аталатын естелігінде: «Шәкәрім 11 июльде (жаңаша 24 июльде) 1858 жылы туып, 1931 жылы қайтыс болған» дейді. Ғалым Қайым Мұхамедханов та осы пікірде: «Шаһкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілдеде дүниеге келген» дейді «Абай мұрагерлері» еңбегінде. «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясында 11 шілде деп берілген.
Ақынның өміріне қатысты белгілі бір деректің анық-қанығына жетіп жатсақ құба-құп, бірақ Шәкәрімдей тұлғаны күнтізбелік тұлғаға айналдырмауымыз қажет. Шәкәрім мұрасын қалай насихаттап жүрміз – міне мәселенің ең ауқымдысы осы болу керек.
Шәкәрім университетінің миссиясы: «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен кемел тұлғаны қалыптастыру».
- Университеттің барлық мамандықтарында «Абай әлемі» пәні оқытылуда. Пәннің мақсаты – болашақ мамандардың бойына «толық адам» ілімін, Шәкәрімнің «ар білімін» сіңіріп, саналарына кемел тұлға болып қалыптасуының алғышарттарын бекіту. Алған білімдерін практикада қолданып, өмірде қажетке жаратады. Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларында көтерілген адамгершілік, ізгілік, адалдық, көркем мінез сынды адами қасиеттерді өмірлік бағдарлары етуге ықпал жасау. Ал жастар ол алған білімді өмірде кәдеге жарата білсе, мақсатымыздың орындалғаны деп бағалар едік.
- Қазіргі қазақ қоғамы алдындағы маңызды мәселе – Шәкәрім айтқан «Ар білімін» оқыту. Данышпан Шәкәрімнің: «Адал еңбек, білім үйренумен қабат «Ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек» деген тұжырымын білім беру ісінде енгізуді қолға алдық. Ар ілімін игеру ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бірден бір жолы деп білеміз.
- Заман талабына сай цифрлық технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып Шәкәрім шығармашылығына арналған сайтты (http://shakarim.kz) іске қостық. Шәкәрімнің шығармашылық мұрасын бір жерге жинақтап, еш кедергісіз бір ғана қосымшадан оқу мүмкіндігі туды. Бұл өз кезегінде Шәкәрім мұрасын насихаттауға, сол арқылы әрбір оқырманға оның дана сөзін өмірдегі сенімді серігіне айналдыруға бағыт болары анық.
- «Шәкәрімтану мәселелері» жинағын, университет ғалымдарының үздік деп танылған еңбектерін «Шәкәрім кітапханасы» сериясымен шығара бастадық. Бұл бізге шәкәрімтанудың жаңа парақтарын ашуға мүмкіндік береді.
- «Шәкәрім тілінің сөздігін» құрастыруды қолға алдық. Бұл Шәкәрім дананың келер мерейтойларына теңдессіз тарту таралғы болар еді. Сонымен қатар, заманға сай ыңғайланған, оқырман сұранысын қанағаттандыратын «Абай даналығы» иллюстративті кітабын, Шәкәрімнің нақыл сөздер топтамасын жарыққа шығарамыз.
- Шәкәрім университетінде дәстүрлі түрде «Шәкәрім оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіліп отырады. Бұл шәкәрімтанудың ашылмай жатқан қырларын бағамдауға септігін тигізеді.
- Мамыр айында «SHAKARIM FORUM: жоғары білімдегі жаңа көкжиектер» форумы өтті. Іс-шара барысында «Шәкәрім-Art» қолөнер және дизайн байқауы, «Шығыс жыры» аймақтық жыр мүшәйрасы, «Шәкәрім шығармаларын оқыту: ізденіс және тәжірибе» тәжірибе алаңы, «Ойшылдар елі» экологиялық экскурсы, «Шыңғыстау тауларының флорасы мен фаунасы», «Шәкәрім заманындағы этнокиім үлгілері» көрмесі ұйымдастырылып, «Үш анық» конференц-залы ашылды.
Шәкәрім – бір әдебиеттің төңірегіне бірнеше ғылымның басын тоғыстырған күрделі тұлға. Ақынның «Үш анығы» әдебиет пен философияның тоғысқан жері болса, шежіре еңбегі әдебиет пен тарихтың, ал «Мұсылмандық кітабы» әдебиет пен теологияның түйіскен жері. Шәкәрім әлемі – әлі толыққанды зерттеліп, қалың оқырман жаппай түсініп болмаған еркеше бір әлем.
Ақмарал Смағұлова
Филология ғылымдарының кандидаты,
«АБАЙ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ