Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 ақпан 2022мектеп, бірлескен ғылыми зерттеулер

«УНИВЕРСИТЕТ - МЕКТЕПТЕРДЕ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Адам өз мемлекетінің басты құндылығы. Осы құндылық мүддесі үшін жұмыс жасап келе жатқан мемлекеттік жүйелер бар. Соның ішінде адамзат әлеуетіне ықпал ететін ағарту саласының «ЖОО-Мектеп» жобасы. Мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы оқу-әдістемелік, ғылыми-шығармашылық байланыстарды нығайтуға арналған «ЖОО - Мектеп» жобасы талай жылдан берi жұмыс iстеп келеді. Аталған жоба аясында биылғы оқу жылында университетiмiзде «Университет - мектептерде» атты бағдарлама іске асты. Осы орайда Шәкәрім университетінің делегациясы Семей қаласының Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді №5 гимназияға жұмыс сапарымен барып қайтты.
Сапар барысында интеграцияланған оқу жоспарлары, дуалды оқыту жүйесі , бірлескен білім беру бағдарламалары , ғылыми зерттеулерді және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Б.Иісбек болашақта іске асырылатын «Шәкәрім шаңырақтары» жобасымен бөлісті.
Кездесуде Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор м.а. И.Оралканова мен «Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназия» директоры А.Аубакирова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – дарынды балаларды анықтау мен қолдау, еңбек нарығында талап етілетін құзыретті және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау саласында әріптестік қатынастарды орнату.
Меморандум аясында екі тарап білім алушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жүйесін дамытуға және «Мектеп-ЖОО» білім беру кластерінің тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдесе алады.
Делегация гимназияның «Менің мектебім» жобасы аясында ашылған «Тілдер орталығы» мен «Интеллектум кабинетін» аралап, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.Кәсіптік бағдар беру мақсатында мектеп түлектеріне университетке түсу талаптарын, білім беру бағдарламаларымен таныстырып, түлектерді қызықтыратын көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ББ-на түсу үшін қажетті бейіндік пәндер, қызмет саласы және мамандардың болашақ жұмыс орындары туралы толық мəліметтер ұсынды.
Кездесу соңында түлектер аталмыш талаптармен толық танысқандығын және алдағы уақытта білімін шыңдау мақсатында дұрыс бағдар таңдайтындығын сөз етті.