Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 желтоқсан 2022семинар, оқытушылар, ғылыми жобалар

УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫ БЕСҚАРАҒАЙ АУДАНЫНДА ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

ҚР ҒжЖБМ-нің 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы аясында ИРН AP14871008 "Көптілді және көпмәдениетті отандық білім беру жүйесінде білім берушілер мен білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту" тақырыбы бойынша Абай облысы Бесқарағай ауданының Борас орта мектебінде семинар өтті. Ғылыми-әдістемелік семинар жұмысына 21 мектептен 76 оқытушы қатысты.
Семинардың мақсаты тілдік пәндер циклі бойынша функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды оқу үдерісіне енгізуді жандандыру, орта мектеп білім алушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша пән мұғалімдерінің педагогикалық шеберлік деңгейін арттыру.
Жиында Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы п.ғ.к. Григорьева Галина, Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының доценті, п.ғ.к. Муканова Қаршыға мен аға оқытушы, түркология саласы бойынша PhD Қасымова Асем және Филология факультетінің декан орынбасары, шет тілдері кафедрасының оқытушысы Кенжина Шұғыла баяндама жасады.
Баяндама барысында оқытушыларға білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселелерінің өзектілігі түсіндіріліп, оқу үдерісінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша тапсырмалар орындалды. Семинардың сәтті өтуіне үлес қосқан Абай облысы білім басқармасының Бесқарағай ауданы білім бөлімінің басшысы Омаргазин Саматқа, әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Нургожанова Құралайға және Борас орта мектеп бақшасының @roo_beskaragai ұжымына зор алғысымызды білдіреміз.
Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.