Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Думан Орынбековтың қоғамдастыққа есеп беру мақсатындағы кеңейтілген Ғылыми кеңесі өтті. Ғылыми кеңеске Абай облысының әкімдігінің өкілдері, ардагер ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, жұмыс берушілер, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрамы мен қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты. Есеп беру Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен орайластырылды.
Ректор жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмысы, инфрақұрылымын жаңғырту және әлеуметтік мәселелері туралы баяндады. Сондай-ақ, 2022-2023 оқу жылындағы негізгі нәтижелерді талдап, көпсалалы университеттің алдағы даму жоспарын таныстырды.
Университет басшысы академиялық қызмет пен кадрлық әлеует жайында атқарылған және іске асырылатын жұмыстарға тоқталды. Ректор 1 курсқа қабылдау нәтижесі бойынша бакалавриат деңгейі бойынша 2729 студент қабылданғандығын, былтырғы жылмен салыстырғанда 600 студентке артық екендігін айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік және ЖАО гранты бойынша 1038 студент қабылданды. Колледж бойынша 262 бюджеттік орындар берілді.
Бұдан бөлек, университет басшысы білім ордасының ғылыми әлеуетіне тоқталды. Ғылыми-зерттеу қызметі білім берумен қатар университет қызметінің негізгі түрі болып табылатыны белгілі.
Өткен оқу жылында 16 адам PhD докторы ғылыми дәрежесін алды. "Қауымдастырылған профессор" ғылыми атағы 3 оқытушыға, "Профессор" атағы – 1 берілді. 2022 жылы жыл сайынғы "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауына ЖОО ішіндегі кезеңде 22 адам қатысты, оның ішінде 6 адам республикалық кезеңде ұсынылды, оның 4-і жеңімпаз атанып, "Үздік оқытушы"атағын алды.Университетте 2 ғылыми мектеп жұмыс істейді. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының 2022 жылға арналған жарияланым белсенділігі 2021 жылмен салыстырғанда 29%-ға өсті.
Бүгін ҚР Президенті Жолдауында агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет екендігін айтты. Сол себепті де университет басшысы Агротехнопарктың жұмысы жаңа деңгейге шығарылып, өңірдің ауылшаруышылығына қызмет ететін, коллоборация орнататын мекемеге айналуы тиіс екендігін ерекше атап өтті.
Басқарма төрағасы өз сөзінде университеттің маңызды міндеті ПОҚ, университет қызметкерлері мен білім алушылардың әлеуетін дамыту және әлеуметтік қолдау болып табылатынын атап өтті.
-Университеттің табыстылығын арттыруда біздің басты басымдығымыз – қызметкерлердің жалақысын көтеру де назардан тыс қалмайды. Осы орайда, қыркүйек айының 1-нен бастап, профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлерінің жалақасы 20%-ға дейін көтерілді. Ал, ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге көтерілді,- деді Думан Орынбеков.
Тағы бір тоқталатын мәселе, ол студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін 500 орындық жатақхана салу жоспарда бар. Себебі биылғы жылдың өзінде жатақханаға сұраныстың өскені байқалды.
Жиынның екінші бөлімінде БАҚ өкілдері мен облыстың зиялы қауым өкілдері ҚР ЖОО-ның академиялық еркіндігі, білім сапасын арттыру, университеттегі ғылыми қызметті дамыту, постдокторантура бойынша, гранттар мен әлеуметтік жеңілдіктер туралы және т.б. сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды.
Сұрақ-жауап алаңында 20-дан аса сұрақтар қойылып, толық жауап қайтарылды. Бұл шара жұртшылық үшін Шәкәрім университетінің ағымындағы жағдайы мен стратегиялық даму бағдарлары туралы ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік берді.