Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі13 қаңтар 2023пікір алмасу, университет түлегімен кездесу, мәжіліс депутаты, бірлескен жобалар

УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕГІ ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА

Бүгін Шәкәрім университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, университет түлегі Әмірхан Рахымжанов жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – қоғамның әр саласы бойынша тұрғындармен кездесіп, көпшілікті толғантқан мәселелермен танысып, елдің ұсыныс-тілектерін тыңдау.
Сапар барысында депутат оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесуге университет басшылығы, Семей қаласының әкімі Н.Нұрсағатов, «Аманат» партиясы облыстық филиалының жауапты хатшысы Д.Арғынғазин қатысты.
Мәжілісмен жиналған қауымды ең әуелі Абай облысының құрылуымен құттықтап, Шәкәрім шаңырағының алдағы жоспары ауқымды, білім ордасының бүгінге дейін атқарылған жұмыстары аз емес екенін атап өтті. Өз кезегінде Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков Әмірхан Мұратбекұлын қарашаңырағымыздан түлеп шыққан мақтан тұтатын дарынды, нар тұлғалы азаматтардың бірі екендігін тілге тиек етті.
Басқосуда Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор м.а. Мақсат Карибаев оқу орнында атқарылып жатқан «Семей рухы» кешенді жоба барысын таныстырды. Халық қалаулысы аталған жобаға қызығушылық танытып, бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.
Жиында «Ауыл – ел бесігі» жобасының атқарылу барысы, аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттығына сайлау, білім, ғылым, жол сынды мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды.
Әмірхан Мұратбекұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылым докторы, профессор. Семей педагогикалық институтын тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы мамандығының түлегі.