Shakarim University әйгілі әнші, өнер зерттеушісі, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтің туғанына 75 жылдық мерейтойы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосуға Ж.Кәрменовтің замандастары, университет басшылығы, шәкірттері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Өнер иесінің мерейтойлық жылы оқу ордамыздың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық маңызы зор екендігін Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Мерей Шаменов тоқталды.
-Біз әрдайым ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылық идеясын басты назарда ұстаймыз. Сондықтан да университетте Жәнібек ағамыздың құрметіне шәкірті, университет оқытушысы Қайрат Қабышевтің шығармашылық кеші өтпек. Бұдан бөлек, алғаш рет дәстүрлі республикалық әншілер байқауы өткізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас өнер таланттары мен дәстүрлі өнер саласын жалғастырушы жұлдыздар жиналды. Бұл байқау университетіміздің игі дәстүріне айналатындығына сенімім мол,- деді проректор.
Санаулы ғұмырында «Өнер» баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қазақтың халық әншілері мен әншілік дәстүр жайлы ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбекпен бірлесіп, Қазақ радиосы мен телевизия арқылы «Асыл мұра» телехабарлар циклін ұйымдастырды, ол хабар «Қазақстан» теледидарының алтын қорында әлі күнге сақтаулы. Өнер иесі – Ақтамберді, Бұқар жырау, Шәкәрім шығармаларын алғашқы орындаушысы. «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» секілді еңбектері оның өнерге деген өлшеусіз махаббатының шексіз куәсі.
Дөңгелек үстелде білім ордасының 90 жылдық және өнер иесінің 75 жыл толуына орай өткізілген тұңғыш республикалық дәстүрлі әншілер байқауында орын алған қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді. Барша қатысқан жас өнерпаздарға сәттілік тілейміз. Жиын «Өнер және музыка» кафедрасының оқытушысы, шәкірті Қайрат Қабышевтың «Семейде салған ән ғажап» атты шығармашылық концертімен ұласты.