21-22 қарашада Алматы қаласында «Жас сәтбаевшылар» атты жас ғалымдардың I Конгресі өтіп жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған бұл іс-шара геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы (Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы), профессор, академик, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының тұңғыш иегері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Іс-шараға өздерінің инновациялық жобаларын ұсынған 100-ден астам болашағы зор зерттеушілер қатысуда. Конгресс шеңберінде ғылыми бағыттар бойынша пленарлық отырыс және 8-секциялық конференция, сондай-ақ, жас ғалымдар мен жас зерттеушілердің заманауи инновациялық әзірлемелерінің ғылыми-танымдық көрмесі өткізіліп, секциялық конференция барысында үздік ғылыми жобалар көпшілікке ұсынылды.
Конгресс жұмысына Shakarim University атынан Басқарма мүшесі -интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай, "Радиоэкологиялық зерттеулер" ғылыми орталығының жетекшісі Алексей Кливенко, "Абай және ұлттық руханият" ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Қарлығаш Әубәкірова,Техникалық физика және жылу энергетикасы кафедрасының оқытушысы Жандос Акишов қатысуда.
Shakarim University жас ғалымдары Конгресс жұмысына белсене атсалысты, Ж. Акишов, Алексей Кливенко, Қарлығаш Әубәкіровалар спикер ретінде баяндама жасады.
Айта кетейік, биыл университеттің жас ғалымдарына құрмет көрсетіліп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің жұмыс тобының құрамына алғашқылардың бірі болып кірді. Олардың ішінде: Ерасыл Алтайұлы Дулатбай, Әділет Мұхитұлы Сүгірбай, Асқар Бағдатұлы Қасымов, Жандос Қайрбекұлы Акишов, Әнуар Алмасбекұлы Бектемісов, Айнұр Жарылқасынқызы Адылканова, Темірлан Нұрланұлы Умыржан бар.
Жалпы, Конгресс отандық озық зерттеулерді қарқынды дамытуға ықпал етеді және Қазақстанның жас ғалымдарының арасында тығыз байланыс орнатудың алғашқы қадамы болмақ.