Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 ақпан 2022студент, кездесу, тәрбие жұмысы

ЖАСТАР САЯСАТЫНДАҒЫ ЖАҢА СЕРПІЛІС

 Ағымдағы жылдың 7-15 ақпан аралығында Тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімі университет студенттерімен кездесулер легін өткізуді жоспарлауда.
Шараның басты мақсаты – университет көлемінде тәрбие жұмысы үдерісі мен жастар саясатын дамыту бағыты бойынша студенттерді ақпараттандыру.
Осы орайда 7 ақпан күні бөлім мамандары Филология және Жаратылыстану-математика факультетінің білім алушыларымен кездесті. Жиын барысында бөлім басшысы А.Толеуканов жастарға тәрбие жұмысы процесі жайлы жалпы түсінік беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің мамандары Е.Сахариев пен А.Молдақашева тәрбие процесінің негізгі бағыттарын айқындап, басты міндеттерін саралады. Сондай-ақ, жатақханаға орналасуға қатысты студенттердің сауалдарына жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жастар ұйымдарының қызметі мен студенттердің шығармашылығын дамыту жолдары жайлы Е.Бектенов баяндап, жастар арасында мәдени шаралар өткізудің, рухани орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бөлім мамандары К.Бакенова, Т.Ракымжанова биылғы оқу жылында енгізілген студенттердің жетістіктері мен тәрбие жұмысының диагностикалау жүйесі (KPI) жайлы қосымша ақпарат беріп, факультет студенттерінің көрсеткіштеріне талдау жұмыстарын жасады. Студенттердің белсенділіктерін арттыру жолдары ұсынылып, көрсетілетін жеңілдік түрлері жайлы баяндалды.
Университет білім алушылары арасында кәсіпкерлік дағдыларды үйрету және жүзеге асыруға бағытталған Start-Up жобалар жайында А.Нурашова айтып өтіп, оқу орны тарапынан бизнес бастамалардың қолдау табатынын атап өтті.
Жиын соңынан студенттер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, өзара пікір алысып, ойларын ортаға салды.
Шара өзге де факультеттерде жалғасын таппақ.