Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 маусым 2024форум, жастар, қаржы сауаттылық

ЖИЫРМА МЫҢ СТУДЕНТТІ ТОҒЫСТЫРҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ, СЫМСЫЗ ЖЕЛІ МӘСЕЛЕСІ

Қазіргі уақытта қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер маңызды рөл атқарады. Қаржы пирамидаларымен күрес – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі. Сондықтан қылмыскерлердің желісіне түсіп қалмау үшін қаржылық пирамиданың негізгі белгілерін білу қажет. Shakarim University «Қаржы пирамидаларын әлеуметтік желіде қалай анықтаймыз, заңды бұзбау жолдары және дроптар деген кім?» тақырыбындағы республикалық форумға қатысты. Осы тұрғыда «AFM Online`24» жаңа пікірталас алаңы министрлерді, танымал блогерлер мен БАҚ өкілдерін, сондай-ақ 35 ЖОО мен 20 мыңнан астам студентті бір арнаға тоғыстырды. Басты мақсат – қаржылық пирамидалардың белгілерін, дропершип, краудфандинг, сондай-ақ блогерлердің заңды қызметін жүргізудің құқықтық нормаларын түсіндіру.
Форум қаржы және интернет-бизнес саласындағы тәртіпті қалпына келтіруге, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемалардың әрекеттерін анықтауға және алдын алуға көмектесуге бағытталған. Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұрлан Кәрімов бастаған департамент өкілдерінің ұйымдастыруымен Шәкәрім университеті онлайн режимде облыстың қаржы, ішкі саясат, ғылым және білім саласының өкілдерін, студенттерін біріктірді. Атап айтқанда, Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы орынбасары Ғалым Шегенов, Shakarim University ректоры Думан Орынбеков, Семей медицина университетінің ректоры Алтай Дюсупов, Alikhan Bokeikhan University Құқықтық мәселелер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі проректор Майгуль Матаева, Alikhan Bokeikhan University Корпоративтік даму және маркетинг жөніндегі проректоры Азамат Азатов және т.б.. Қатысушылар онлайн қаржылық алаяқтыққа қатысты өзекті мәселелерді талқылап, аталған схемалардан қалай қорғану керектігі туралы ұсыныстарын айтты. Әсіресе, алаяқтық жағдайлар егде жастағы зейнеткерлер мен жастар арасында кең орын алуда. Қаржы мониторингінің наурыз айындағы мәліметі бойынша елімізде соңғы жарты жылда интернетте 36 қаржы пирамидасы анықталған. Алаяқтар WhatsApp, Telegram, Instagram желілерінде 200 чат орнатқан. Нәтижесінде, 126 мың азаматтың қаржылық шығынға ұшырауын алдын алды.
Жиында студенттер мен жастарды қаржылық сауаттылық пен әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, ұтымды пайдалану ережелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінде Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі көтерілген. Осылайша, Президент халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша дәрістерді ұдайы өткізуді жіті назарға алды.
Shakarim University осындай маңызды әрі өзекті республикалық форумға қатысуы – қаржы және интернет-бизнес саласындағы сауаттылықты дамытуға ұмтылысын айғақтайды. Университет қаржылық алаяқтықпен күресуге, жастардың әлеуметтік желідегі заңды мінез-құлық ережелерін сақтауға бағытталған бастамаларды белсенді қолдайды. Осы уақытқа дейін білім ордасының оқытушылары облыстың колледж студенттері арасында қаржылық сауаттылықты арттыру аясында олимпиадалар мен семинарлар өткізді.
Айта кетерлігі, студенттер арасында «АФМ online 2024» қорытындысы бойынша әлеуметтік бейнероликтер байқауы жарияланған болатын. Қатысушы ұзақтығы 1,5 минуттық бейнероликті әлеуметтік желіге #afmonline хэштегімен жүктеуі тиіс. Байқау жеңімпазы бір айдан соң ең көп қаралым жинаумен анықталады. Жеңімпаздарға iPhone15, Apple Watch, AirPods сынды бағалы сыйлықтар табысталмақ. Сондай-ақ, үздік ТОП-10 кірген қатысушылар ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінде тағылымдамадан өтуге және Төрағаның ұсыныс хатын алуға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда университеттің бірқатар жастары аталған байқауға белсене қатысуда. Барша студенттерге сәттілік тілейміз!