Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Сингапур еліне келген болатын. Бұл - 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған алғашқы сапары.
Сапар барысында Президент «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбында дәріс оқыды. Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер жөнінде айта келіп, «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсас екенін баса айтты.
46-шы Сингапур лекциясы екі ел арасындағы ынтымақтастық үшін маңызды оқиғаға айналып, әлемдік қауымдастық өкілдерінің назарын аударды.
Сонымен бірге, Қазақстан-Сингапур халықаралық керуеніне Shakarim University ректоры Думан Орынбеков, университет ғалымдары Мақсат Карибаев пен Асқар Қасымов та қатысты. Білім ордасының халықаралық деңгейдегі форумдарға белсенділік танытуы университет пен Абай өңірі үшін маңызы зор. Басқосу - оқу орнының дамуға және халықаралық ынтымақтастыққа деген ұмтылысының айқын көрінісі.
Шәкәрім университеті делегациясының «Шығыс Азия барысы» топтығына кіретін Сингапур Республикасына сапары әлемнің жетекші университеттерімен тәжірибе алмасуға және байланыс орнатуға жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашады. Білім керуені оқу сапасын арттыруға, университеттің ғылыми әлеуетінің дамуына, сондай-ақ білім берудің озық технологиялары мен әдістерін енгізуге септігін тигізері анық.
Shakarim University ғылымының жетістіктері аталған мемлекетте “Қазақстан-Сингапур форумы: Ғылым және жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы” аясында халықаралық көрмеге ұсынылуда.