пресс-служба Университета Шакарима23 сентябрь 2024тазалық

ТАБИҒАТ – ТАЛ БЕСІГІҢ, АЯЛАЙ БІЛ!

Шәкәрім жоғары колледжінің студенттері «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» аясында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Жаңасемей филиалына қарасты Подгородний  орманшылығында тазалық акциясын ұйымдастырды. Акция мақсаты – табиғатқа сүйіспеншілікпен қарап, қоршаған ортаны қорғауға үндеу және студенттердің еңбекке деген ынтасын ояту.

Іс-шара басталмас бұрын колледж директоры Тоты Әбдікәрімова туған өлкенің табиғат байлығын сақтау, бағалау, қамқорлық көрсету барша адамзаттың парызы екенін айтып,  студенттерді тазалыққа, еңбексүйгіштікке шақырды. Ол «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген халқымыздың мәйекті нақылын мысал етіп, еңбектің өмірдегі маңызына тоқталды.  

Подгородний  орманшылығының басшысы Құрмет Әубәкірұлы жастардың қатысуымен өткізілетін мұндай іс-шаралардың орманды қорғау және табиғатқа қамқорлық көрсетуге үлкен септігін тигізетінін атап өтті. Ол студенттердің тазалық жұмыстарына қатысуын қолдап, болашақта да экологиялық мәселелерге бей-жай қарамай, табиғаттың жанашыры болуға шақырды.

Студенттер түске дейін  орманшылық аумағындағы  қоқыстарды жинап, туған өлке табиғатының көркемдігін сақтауға белсенді түрде үлес қосты. Бұл жұмыс барысында студенттер арасында ынтымақтастық рух орнап, өзара қолдау көрсету арқылы бірлескен жұмысты нәтижелі аяқтады.

Акцияның екінші бөлігінде студенттер табиғат аясында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырды. Футбол, волейбол және командалық ойындар жастардың көңіл-күйін көтеріп, бір-бірімен достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізді.

«Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» акциясы жастардың экология мәселелеріне назар аударып, еңбекке деген жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын көрсетті.

«Семей орманындағы» тазалық акциясы жастар үшін тек экологиялық іс-шара емес, сонымен қатар, еңбек мәдениетін дамыту мен табиғатты қорғау жолындағы маңызды қадам болды.