Shakarim University филология жоғары мектебінің студенттері «Табысты тұлғалар дәрісі» айдары аясында «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері, PhD Қарлығаш Әубәкірованың дәрісін тыңдады.
«Толық адам» ілімі және бүгінгі жастар» тақырыбындағы дәрісінде ғалым Абай еңбектерінің құндылығы неде екенін талдап, Абайдың «Толық адам» ілімі ежелгі антика дәуірінің философтары – Сократ, Платон, Аристотель танымынан іргесі қаланғанын және Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи сынды шығыс ойшылдарының адам мәселесі ілімдерімен сабақтастықта екенін түсіндірді.
«Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!»- деп бәріміз бала күннен жатқа білетін «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде де «алдымен өз болмысыңды танып біл» деген терең ойдың жатқанын, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек» деп адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі еткенін ұғындырған ұстаз Абай ілімі біздің санамызға сіңіп, бойымызға тұтас дарыса, сонда ғана рухани биіктікке қолымыз жетеді дейді.
Қарлығаш Әубәкірова өз дәрісін «Абай шығармаларында адамға керектінің бәрі бар. Абайды оқу, тану, ойларының тереңіне үңілу әрқайсымыздың бойымызда рухани құндылықтарды қалыптастырып, жан-жақты дамуымызға ықпал етеді. Өйткені, ол – біздің рухани құбыламыз»- деп түйіндеді.