30 апрель 2021

УНИВЕРСИТЕТШІЛІК СПАРТАКИАДА ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Салауатты өмір салты» спартакиадасы өз мәресіне жетті 
Спартакиаданы жабылу салтанатында  Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков пен Шәкәрім университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Солтанбекқызы сөз сөйлеп, белсенділік танытқан командалар мен қатысушыларға  алғыс хаттарын табыстады. 
«Ыбырай атамыздың «Өнер- білім бар жұрттар» дегеніндей өнердің бірі спорт. Ал спорт – денсаулық кепілі. Бірақ сол кепіл дүниеден өзіміз қашамыз. Себебі спорттың жауы – жалқаулық. Бұл теріс құлықтарды жеңетін – салауаттылық. Сондықтан еңбек мотивациясы үшін спорт өнерін қолдауымыз керек»,- деп атап өтті Бауыржан Амангелдіұлы.
Спартакиадаға қатысушылар бір ай көлемінде шағын-футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және волейбол спорт түрлерінен сынға түсті.
Аталмыш  шара салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, қалыптастыру және университет ұжымы қызметкерлерінің денсаулығын нығайту, спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. 
 «Елбасымыз жолдауында денсаулық пен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы керек екендігін деп айтып өткен. Басшымыз Бауыржан Амангелдіұлына дәстүрлі шарамызды қайтадан жаңғыртқанына алғысымызды білдіреміз»,-деді Қарлығаш Құрмамбаева. 
Спорттың 5 түрін қамтыған бәсекеде білім ордасының 6 командасы өнер көрсетті :  «Ректорат», «АФ», «ИТФ» «Қауіпсіздік қызметі», «ЖМФ», «ГЭФ және ФФ». 
 «Спартакиада ұжымдық достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасын айқындап берді. Бұл жарыс - қатысушыларға ерекше әсер қалдырды»,- деп атап өтті Әлеуметтік мәселелер және жастар ұйымы департаменті директоры М.С. Карибаев.
Командалық қорытынды есеп бойынша І, ІІ және ІІІ орын алған командалар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Турнир нәтижесінде командалық көрсеткіш бойынша басым түскен «Инженерлік-технологиялық факультетінің» қатысушылары жеңіс тұғырынан көрінді.

Последние новости