15 март 2024

ӨМІР БОЙЫ ОҚЫТУ - ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Ағылшын тілінде lifelong learning деп аталатын үздіксіз білім беру жүйесі әлемдік тәжірибеде көптен қалыптасқан жүйе және оның мазмұны жалпы қазақстандық аудиторияға да таныс. Үздіксіз білім беру соңғы жылдары отандық педагогиканың негізгі бағытына айналды. Мұның негізгі кезеңі балабақшадан басталып, одан кейін орта мектепте, мектептен кейін колледж немесе жоғары оқу орнында жалғасады. Жоғары оқу орнынан кейін магистратура және одан кейін докторантура, ал оны бітіргеннен кейін түрлі салаларда қалыптасқан біліктілікті арттыру курстары немесе қайта даярлау дәрістері болып жалғаса береді.

2021 жылғы 8 шілдеде «Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 471 қаулысы жарияланды.

Қазақстанда үздіксіз білім беру жүйесінің бірнеше принципі бар. Олардың ішінде барлық категориядағы ел азаматтарына олардың жасына, жынысына қарамастан білім алудың барынша қолжетімді болуы, әр түрлі деңгейдегі білім беру салаларының бір-бірімен жалғасқан түрде әзірленуі, азаматтардың қажеттіліктеріне сай қашықтықтан білім алу, онлайн дәрістер т.б. қамтамасыз ету, білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламаларының заманауи еңбек нарығының сұранысына, әлемдік стандарттарға сай келуі сияқты басымдықтар бар.

Қазақстанда білім беру жүйесінде шешімін толық таппаған өзекті мәселелер;

Біріншіден ел азаматтары арасында дипломның емес білімнің культін қалыптастыру қажет. Қазір мектеп бітірген көп жасты қандай мамандықтың болашағы жарқын екендігі емес, қандай мамандық бойынша мемлекеттік грантты ұтып алуға болатыны, диплом алып шығуға мүмкіндік беретін сала қызықтырады. Бұл сапасыз кадрлардың, өзі білім алған сала бойынша еңбек етпейтін азаматтардың көбеюіне жағдай жасауда. Сондай-ақ, азаматтардың арасында жоғары оқу орнын бітірмей еңбек ету қиын деген түсінік қалыптасып, сырттай немесе күндізгі формада білім алса да жаппай диплом алуға ұмтылу кең таралған. Бұл өз кезегінде білімнің емес дипломның культ ретінде қалыптасуына жол ашады.

Екіншіден білім беру тәсілдерінің икемділігі, заман талабына сай өзгеріске ұшырап отыруы да маңызды. Жыл сайын үйреншікті, стандартты мамандықтар бойынша ғана маман даярлап, оның болашақта жұмысқа орналасуын ойластырмаған, келешекте сұранысқа ие салалар бойынша мамандарын даярлауды ойластырмаған оқу орнының, білім жүйесінің түрлі кедергілер мен қиындықтарға ұшырасатыны айқын.

Үшіншіден жан-жақты емес, нақты бір саланы бүге-шігесіне дейін жетік білетін маман дайындайтын жүйе қалыптастыру.

«Өмір бойы білім алу» - бүгінгі заман талабы. Оны толыққанды жүзеге асыру қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер алып келеді.