Семинар- практикум өтті

Пресс-служба     05 Sep,2019        

Шәкәрім университетінде ШҚО Ішкі саясат басқармасының “Рухани жаңғыру” өңірлік орталығы және қалалық Семей жобалық кеңсесінің бірлесуі нәтижесінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы арнайы жобаларды іске асыруды басқару бойынша жергілікті атқарушы биліктің жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізілді. Бірлескен іс-шараға өңіріміздің Бесқарағай, Абай, Бородулиха, Курчатов аудандары мен қаланың ЖОО-ның менеджерлері, мектеп ұстаздары мен “Ішкі саясат бөлімі” Жастар ресурстық орталығының мамандары мен “Нұр Отан” партиясының өкілдері қатысты.

Семинар-практикумға келушілер Жобалық кеңсе, «Халықаралық қазақ тілі» орталығы және Деректерді визуалдау студиясының негізгі жұмыстарымен танысып,  университет қабырғасындағы ірі жобалық нысандарға қызығушылық танытты.

“Рухани жаңғыру” өңірлік орталығының басшысы Ахметова Мәдениет Медеуханқызы мен аналитикалық-әдістемелік, ақпараттық-аналитикалық бөлімдерінің мамандары – Елбасының “Рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларының архитектурасы, мақсаттары мен міндеттері сондай-ақ, бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі функциялары туралы теориялық семинар жүргізді. Практикалық бөлімде қатысушылар бағдарламалық мақаланы іске асыруда  БАҚ-пен жұмыс жасауды, жаңа жобалар әзірлеуді меңгерді.

Семинар-практикум белсенділер тарапынан қойылған сұрақтар мен түрлі пікірлердің өрбуі нәтижесінде қыза түсті. Қорытынды бөлімде 60-қа жуық қатысушыға сертификаттар табысталды. Көшпелі семинар-практикум алдағы уақытта Жарма, Абай, Курчатов, Зайсан сияқты аудандарда өз жалғасын таппақ.