Шәкәрім университеті Өзбекстан Республикасында

Пресс-служба     31 May,2019        

Шәкәрім университетінің өкілдері Өзбекстан Республикасында «Қазақстандық білім беру күндер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған білім беру көрмесінде болып қайтты. Көрме Өзбекстанның 5 ірі қалаларында өтті: Ташкент, Самарқанд, Қаршы, Бұхара және Нүкіс. Еске сала кетсек ағымдағы жылдың 10-21 мамыр аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі “Болашақ” халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесе отырып, Өзбекстан Республикасында “Қазақстандық білім беру күндері” бағдарламасы аясында білім беру көрмелерін ұйымдастырған болатын.

Қазақстандық делегация құрамына Қазақстанның барлық облыстарынан 46 жоғары оқу орындары кірді. Шәкәрім университетінің өкілдері ретінде Рекрутинг орталығының жоғарғы оқу орындарға дейінгі дайындық бөлімінің басшысы Советбаев Р. А. және SKACC халықаралық факультетінің экономика ғылымдарының кандидаты Байльдинов Е. Т. болды.

Көрмеде талапкерлер Шәкәрім университеті туралы ақпарат алып, оқуға түсу мүмкіндіктерімен танысты. Түлектер журналистика, дизайн, шетел филологиясы, экономика, құқықтану сияқты білім беру бағдарламаларына үлкен қызығушылық танытып, қос дипломды білім беру бағдарламаларымен және Оңтүстік Кореяда SKACC халықаралық факультетінде білім алу мүмкіндігі жайында ақпарат алды.

Шәкәрім университеті Самарқанд ветеринарлық медицина институты және Мухаммед аль-Хорезмий атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.