Шәкәрім университетінің түлектері Бесқарағай ауданындағы Бос орындар жәрмеңкесінде

Пресс-служба     21 May,2019        

17 мамыр күні Шәкәрім университетінің түлектері «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында Бесқарағай ауданының жұмыс жағдайларымен және ауданда бар бос орындармен танысып қайтты.

Бесқарағай ауданының мәдениет үйінде өткен түлектермен кездесуге аудан мектептерінің, колледждердің түлектері және  жұмыс берушілер шақырылды. Университет атынан Қазақ филологиясы факультетінің деканы Қадыров Айбар Қабыкенұлы, абитуриенттерді рекрутингілеу  және түлектерді жұмысқа орналастыру орталығының басшысы Солтанбекова Орынбасар Тұяқовна, кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің басшысы Шаяхметов Ержан Ярнарович сөз сөйледі.

Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Жекенұлы Баталов жоғарғы оқу орындарының бітіруші түлектерін ауданға жұмысқа шақырды. Бесқарағай аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы А. К. Құрманғалиева түлектерге 4 мемлекеттік бағдарлама туралы, атап айтқанда, “2017-2021 ж.ж. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” және “Еңбек”бағдарламасы туралы егжей – тегжейлі баяндап берді.  Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға аудан әкімі Б. Ж. Батталов жауап беріп, қатысушыларды Бесқарағай ауданы бойынша экскурсияға шақырды. Іс-шараның  мақсаты бос жұмыс орындарымен таныстырып, жұмысқа шақыру ғана емес, сонымен қатар Бесқарағай ауданының мүмкіндіктерімен, өмір сүру, тұрмыс, демалыс жағдайларымен, табиғатымен және кәсіпорындарымен таныстыру болды.

Түлектер Достық үйіне, Бесқарағай ауылының колледжіне, Бесқарағай ауылының жаңа спорт кешеніне, орман питомнигі мен Қара-Мырза орман шаруашылығының орман тұқымы стансасына барды, “Балке” шаруа қожалығының басшысы О. Т. Тоқашевпен кездесіп, Елімай демалыс базасымен танысып қайтты. “Серпін” бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған түлектер ауданның табиғатына таңданыстарын жасырмады.

Қызықты кездесуден кейін Бесқарағай ауданында жұмысқа қалуға ниет білдірген түлектер де болды. Оларға одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кездесу қорытындысы бойынша Шәкәрім университеті мен Бесқарағай ауданының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды.