22 сәуір 2021

ҚАЛАЛЫҚ КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАР БАЙҚАУЫ

Шәкәрім шаңырағында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз ел ұрпақтары» атты қалалық көркемөнерпаздар байқауы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізілген шарада әр факультеттің әнші, биші, күйші, ақындары өз өнерлерін ортаға салды.
«Бүгінгі іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Алаш зиялысы -Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы, Семей өңірінің тумасы, әнші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Тұрсынғазы Рахимовтың 70 жылдығына арналды. Шәкәрімде тұңғыш рет Т.Рахимовтың «Қазағым-ай» әні көркемдік жетекшілері Анаргүл Арғынқызы мен Жания Тоқанқызының жетекшілігімен камералық хормен орындалды. Жастарға ұлы тұлғалардың есімдері насихатталды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Көркемөнерпаздар байқауы аймақтағы эпидемиялық ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. «Қарагөз» жастар театрының Әлихан Бөкейхановтың өміріне арнаған сахналық қойылымы көрермендердің жүрегіне жол тартты.
Байқау қорытындысы бойынша «үздік» деп танылған өнерпаздар республикалық көлемдегі гала концертте өнер көрсететін болады.