Студенттер Абай мұражайында болып қайтты

Пресс-служба     09 Oct,2019        

Шәкәрім университетінің студенттері мен магистранттарынан құралған топ Жидебай жеріндегі Абай Құнанбайұлы мұражайында болып қайтты. Сапарды Хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай  Гуманитарлық ғылымдар ғылыми кафедрасы  ұйымдастырған болатын. Мақсаты – ғылыми-танымдық бағытта зерттеулер жүргізіп, студенттерге ұлы тұлға жайында кеңірек ақпарат беру болатын. Сапар барысында Күшікбай асуына тоқтап, батыр өмірі мен ерлік жолы туралы ақпараттарды жинақтады. Одан ары Бөрілі жеріндегі М.Әуезов мұражайының қызметкерінен сұхбат алып, жазушының прозалық, драматургиялық шығармаларын жазуға түрткі болған себептер мен ерекшеліктері, «Еңлік-Кебек» қойлымының алғаш сахналануы хақысында бірқатар тың деректер алды. Мұражайдан шығып, «Еңлік-Кебек» оқиғасы өткен тұс ретінде белгілі қос ғашық ескерткішінің қасында тоқтап, осы оқиғаның айналасында өрбитін сан алуан ойлар туралы айтылып, кафедраның ғылыми қызметкері Мұхит Төкенұлы түйінді пікір айтты. Іс-шараға қатысушылар Жидебай жеріндегі Абай Құнанбаев мұражайында ақынның өмір белестері, жазған хаттары мен еңбектерінің әр түрлі нұсқасын, тұрмыстық заттары мен бұйымдары, мұражай экспоноттары, жер-су аттарының шығу тарихы туралы толық ақпарат алып қайтты.