«ТАЗА СЕССИЯ» – АДАЛДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Пресс-служба     08 May,2019        

Емтихандық  сессия – студент өміріндегі ең жауапты кезең.  Біздің міндетіміз емтихандық сессияларды таза да адал өткізу.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық көріністері қоғамның әлеуметтік-экономикалық саласын ғана емес, рухани дамуына да кері әсерін тигізеді. Бұл, ең алдымен, еліміздің болашағы – жастарға айрықша әсер етеді. Оларды мектеп жасынан бастап, жоғары оқу орнын бітіргенге дейін адалдыққа тәрбиелеу керек.

Әсіресе, университет қабырғасында абай болған жөн. Себебі, плагиаттық жұмыстарды пайдалану, «шпаргалка» қолдану немесе сессия кезінде түрлі қулықтарға жүгіну студенттердің арасында жиі кездесіп жатады. Ал, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға кері әсерін тигізеді. Сондықтан  жастарды академиялық адалдыққа  баулу басты міндеттердің  бірі болып табылады.

Осы тұрғыдан университетімізде білім алу үрдісінің қатысушыларының академиялық адалдық ережелері бекітілген болатын.  Аталмыш   ережелерді қабылдаудағы  мақсат – білім беру сапасын жоғарлату, оның әлемдік стандарттарға сәйкес келуіне және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ету. Осы тұрғыдан  оқу орнында академиялық адалдық ережелерін  қатаң түрде басшылыққа алуда.

Студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамы арасында академиялық адалдық принциптерін бұзу бойынша фактілерді тіркеу және қарастыру бойынша, құрамында 21 адам бар университетіміздің әкімшілік-басқару персоналдарынан комиссия құрылды. Комиссия – білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшы орган ретінде құрылады және білім алушылардың оқу қызметінің, Шәкәрім университетінің оқытушылары мен қызметкерлерінің кәсіби қызметінің нәтижелеріне адамгершілік-этикалық бағалауды қамтамасыз етеді.

Шәкәрім университетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерді болдырмау және анықтау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен жылдың 10-27 желтоқсаны аралығында Тіркеу офисімен  және Студенттер парламентімен «Таза сессия» акциясы өткізілді. Осы акция негізінде университетіміздің 7-інші корпусының  509 аудиториясында арнайы диспетчерлік пункт құрылды. Бұл пунктте  жазбаша және компьютерлік тестілеу өткізілетін әрбір аудиторияға қойылған бейнекамералар арқылы  бақылау жүргізілді.

Емтихан тапсыру барысында байқалған тәртіп бұзушылықтардың скриншоттары жасалып, емтихан тапсырушы студентке қатаң ескертулер жасалып, емтиханнан шығарылып жіберген жағдайлар да болды. Тәрбие және жастар саясаты бөлімінің қызметкерлері, студенттер «Таза сессия» комиссиясының рейдтерін жасады. «Сенім жәшігі» қойылып, университеттің оқытушылары мен қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты ақпарат бере алатын арнайы жұмыстар ұйымдастырылды.  Осы кезеңге дейін «Сенім жәшігіне»  шағым хаттар түскен жоқ.

Сонымен қатар, 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап университетімізде студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамының академиялық адалдық кодекстері қабылданған. Студент сессияны қаншалықты қиын болса да, адал тапсыруы керек. Сол үшін сессия кезінде, пара тұрмақ, өзге де, тыйым салынған әдістерді қолданбауы тиіс. Өз кезегінде, оқытушы студентке сапалы білім беруге тиіс және де студент білімін лайықты бағалауға міндетті.

Бүгінде университет студенттерінің арасында әр факультет декандарының ұйымдастыруымен «ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асырылуы туралы» кураторлық сағаттар өткізілді.  Бұл шаралар білім мекемесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті шынайы бағалауға мүмкіндік береді  және   осы шаралардың  барлығы коррупцияға қарсы саясаттың тиімділік дәрежесі бойынша сараланады.  «Таза сессия» акциясы аясында ұйымдастырылған «Оқытушы студенттің көзімен» атты сауалнама нәтижесі бойынша арнайы мониторинг жасалынып отырады.

Сонымен қатар, осы ағымдағы жылдың қаңтар айында университетте «Антиплагиат» бағдарламасы енгізілді. Осы бағдарлама арқылы оқу және ғылыми жұмыстардың мынадай түрлері міндетті тексеріледі:

– студенттердің дипломдық жұмыстары/ жобалары;

– магистранттар мен докторанттардың диссертациялары;

– білімалушылардың, қызметкерлердің және профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми-әдістемелік басылымдарда жариялауға ұсынатын мақалалары, ғылыми жұмыстары;

– білімалушылардың университет аралық, халықаралық конкурстарға ұсынатын ғылыми жұмыстары.

Алдыңғы аптада университеттің ғылыми кітапханасының қызметкерлері профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен жиналыс өткізіп, «Антиплагиат» бағдарламасының жұмысы мен талаптарын толықтай түсіндіріп өтті.

Бұл жағдай жаңадан қабылданған Академиялық адалдық ережелерінде қарастырылған. Академиялық адалдық ережелерін бұзылуына Шәкәрім университетінің білімалушылары, ПОҚ және қызметкерлері жауап береді және қажет болса тәртіптік жазаға тартылады.

Академиялық адалдықтың бұзылуы:

1) ағымдағы үлгерімді бақылау;

2) аралық аттестаттау;

3) қорытынды аттестаттау (мемлекеттік/кешенді емтихандар, бітіру жұмыстарын қорғау).

4) ғылыми-зерттеу жұмысы кезінде анықталуы мүмкін.

Егерде білімалушылардың академиялық адалдық ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда, осы фактіні тіркеген оқытушы немесе білімалушы заттай дәлелдемелерді қоса отырып, факультет деканын жазбаша түрде хабардар етеді. Факультет деканы сол күні құрамына кафедра меңгерушісі мен кафедра қызметкерлері кіретін тәртіптік комиссия отырысында мәселені қарап,  шешім қабылдау керек.

Егер де сыбайлас жемқорлық фактісі орын алатын болса, студент те, оқытушы да заңға, адалдық кодексіне сәйкес жазаланатын болады.

Қорыта айтқанда, біз «Таза сессия» акциясын кеңінен қолдай отырып, ел болашағы болатын жастардың бойына сыбайластық, жемқорлық сияқты жат әрекеттерден сақтандыратын иммунитет қалыптастырамыз.

Шәкәрім университетінің оқытушылары мен студенттері осындай игілікті шараға өз үлестерін  қосатындығына сеніміміз мол.

 Сәуле Төлеуғалиева,

 Шәкәрім университетінің

 Академиялық  мәселелер жөніндегі

департаментінің директоры.