Топтамалық жинақтың тұсаукесер шарасы өтті

Пресс-служба     07 Nov,2020        

Шәкәрім шаңырағында «Өнер және спорт» факультетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университеттің құрметті профессоры, қобызшы, дирижер, композитор, ұстаз, Сейтқазы Оразғали Жүнісбекұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «ӨНЕРІМЕН ӨРЛЕГЕН ҚАЙРАТКЕР» атты топтамалық естелік жинақтың тұсаукесер шарасы өтті.

80-ге жуық қатысушының басын қосқан онлайн режимдегі жиын, мезгілсіз дүниеден өткен талантты өнер иесінің туғанына –  70 жыл,  шығармашылығының  50 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Жиынға қайраткердің шығармашылығын бағалаушы үзеңгілес әріптестері, жора-жолдастары, туған-туыстары, тыңдармандары мен шәкірттері сондай-ақ, өмірлік жолдасы Сәуле Ахметқызы да қатысты.

Алғы сөзді университет басшылығы атынан оқу және тәрбие жөніндегі проректоры Ә.Л.Қасенов алды:

  • Шәкәрім университетінің «Өнер және музыка» кафедрасында  20 жыл профессорлық қызмет атқарған Сейтқазы Оразғали Жүнісбекұлы 10 шақты күйдің, 100-ге тарта әннің, бірнеше оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Ішінде «Киелі қобыз құдіреті» атты ғылыми монографиясы, «Балабақша әндері», «Мектеп әндері» хрестоматиялары шоқтығы биік ерекше туындылар қатарында. Қайраткердің өнерін, шығармашылығын жастарға насихаттау үшін  арнайы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз.

Топтамалық жинақтың жалпы редакциясын басқарған факультет деканы Б.Ш.Тұрғанбаева, мен п.ғ.к., Б.Қ.Бодауова  және рецензенті университет профессоры, т.ғ.к., М.Қ.Каримовтар республика көлеміне танылған қайраткердің атқарған қызметтері мен өңірдегі шығармашылық саласына қосқан үлестері хақында өшпес өмірлік естеліктерінен  сыр шертіcті.

Этнограф, қаламгер Молдабек Жанболатұлы қайраткердің атына болашақта колледж, көше атауы немесе тұрған үйіне мемориалдық тақта ілінсе деген ұсыныс білдірсе, М.Төлеубаев атындағы музыка училищесінің директоры С.Ж.Ахметов таяу уақытта Сейтқазы Оразғали атымен қылқобыз сыныптарының ашылатынын қуанышпен жеткізді.

Семей қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.М.Аққожина Оразғали Жүнісбекұлының  туған-туыстарына, ұжымына көңіл айтып, елдегі ахуал тұрақтанған кейін кең көлемде жиындар өтілетінін, сонымен қатар қайраткерге арнап мемориалдық тақта орнатуға атсалысатынын сөз етті.

Жиын соңында Оразғали Жүнісбекұлының өнердегі әріптестері Қадыр Досымжанұлы мен Нұриден Құсманұлы, шәкірті Ш.Анарбеков өнерсүйер қауым мен музыка өнері саласындағы білім алушыларға арналған кітаптың тұсаукесерімен құттықтады. Жары Сәуле Ахметқызы алқалы шараның өтуіне мұрындық болған Шәкәрім университетіне өзінің және балаларының атынан ризашылығын білдірді.