Университет ректорының құттықтауы

Пресс-служба     16 Dec,2020        

Құрметті профессорлар, оқытушылар және қызметкерлер!

Қымбатты білім алушылар!

 

Сіздерді мемлекетіміздің тұғырлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі ерекше күн — Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Біз бабалардан мирас болған кең-байтақ жерде, қайта жаңғырған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті.

Ел болып еңсе тіктеп, әлемдік қауымдастық алдында бейбіт, бітімгер сипатымен танылған мемлекетіміздің абыройы артып, айбыны асқақтай берсін!

Бүгінгі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани жаңғыруында білім мен ғылым қызметкерлері – Сіздердің қосқан үлестеріңіз айрықша!

Әр адам үшін қастерлі саналатын «тәуелсіздік» ұғымын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау сіздер мен біздерге парыз!

Мемлекеттілігіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!

 

Құрметпен, университет ректоры м.а.  Мұхтар Байжұманов