Халықаралық конференция өтті

Пресс-служба     21 Oct,2020        

Шəкəрім университетінде «Абай мұрасы және әлемдік руханият»  Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.  Конференция онлайн форматта ұйымдастырылды. Шараға қала əкімінің орынбасары, сондай-ақ, Қазақстан, Ресей, Нидерланды, Түркия елдерінен ғалымдар қатысты. Шәкәрім университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Еспенбетов Арап Сләмұлы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Матыжанов Кенжехан Сләмжанұлы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ержиласун, Ясная полянадағы Л.Толстой музейінің бөлім меңгерушісі Опарин Геннадий Леонидович, Амстердам университетінің профессоры Зифа-Алуа Əуезова, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің  профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмагұл баяндама оқыды.

Жиында конференция жұмысының негізгі бағыттары  қарастырылды. Олар: Абайдың рухани мұрасы және ХХІ ғасыр, Абай және әлемдік өркениет, Абай мұрасы әдеби, тілдік, философиялық зерттеу аспектісінде, Абай шығармашылығы және білім берудің жаңа концепциялары.

Осы бағыттар бойынша Қазақстанның ғалымдары мен оқытушыларынан 100-ге тарта  ғылыми мақалалар қабылданып, баспаға жіберілді.

«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті шығыс өңіріндегі  ірі ғылым мен білім ордасы ретінде Абай мұрасы арқылы жас  ұрпаққа рухани тәрбие  беруде.  Университетте   бірнеше жылдан бері осы мақсатқа қызмет етіп отырған «Абай институты»    жас ұрпақтың тарих пен халықты ұлттық мәдениетін бойына сіңірген толықққанды тұлға болуына үлкен үлес қосып отыр», – дейді университет ректорының м.а. Мұхтар Қазыбекұлы.