XІI Республикалық студенттік пәндік олимпиада жоғары деңгейде өтті

Пресс-служба     05 Dec,2020        

Желтоқсан айының 5-ші жұлдызында Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің базасында Қазақстан жоғары оқу орындарының «Тарих» мамандығының(5В011400) студенттері арасында үш кезеңнен тұратын ХІІ Республикалық пәндік онлайн олимпиадасы өз мәресіне жетті.

Олимпиадаға алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті КеАҚ, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Павлодар педагогикалық университеті, Жетісай қаласының «Сырдария» университеті, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетімен қосқанда жиыны 10 команда қатысып бақ сынасты.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған XII Республикалық студенттердің пәндік онлайн олимпиадасының шымылдығын құттықтау сөзімен университеттің басқарма төрағасы – ректор Байжұманов Мұхтар Қазбекұлы ашты:

«…Республикалық олимпиаданың тарихи мерейтоймен сәйкес Ұлы ақынның дүниеге келген қасиетті мекенінде өтуі – біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе!

Университетіміздің гуманитарлық және педагогикалық бағытында білім алушы тарихшылар соңғы 4 жылда жоғары нәтиже көрсетіп республикалық олимпиадалардан жүлделі орындар алып келеді.

2019 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен ХІ Республикалық студенттік пәндік олимпиададан «Шәкәрім тұлпарлары» командасы жүлделі І орынды жеңіп алып, бүгін өз білім ордаларының базасында сайысты өткізу құқығына ие болып отыр. Тартысты додаға еліміздің түкпір-түкпіріндегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ең мықты деген студенттерінен жасақталған 10 команда өз бақтарын сынамақ екен.

Болашақ тарихшы мамандардың кәсіби қабілеттерінің деңгейін анықтайтын  республикалық олимпиадаға қатысушы барлық командаларға сәттілік тілеймін!»

Студенттердің ғылымға деген ізденістері мен дарындылығын арттырып, қабілет-қарымдарының өлшем деңгейін анықтауға бағытталған олимпиадада «Зияткерлік», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» деп аталатын шығармашылық Challenge сайысы, ғылыми жобалар кезеңі өз жүйріктерін анықтады. Додалы сайыста олимпиада төрағасы Каримов М.Қ., сондай-ақ, университеттің профессор тарихшы ғалымдары Байсарина Қ.Қ., Исин А.И., Тохметова Г.М., Ибраемова М.С. әділқазылық етті.

Республикалық пәндік олимпиаданың командалық қорытындысы бойынша:

І орын – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті;

ІІ орын – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті;

Павлодар педагогикалық университеті;

ІІІ орын– Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты;

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті КеАҚ;

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті.

 

Жеке көрсеткіш бойынша:

І орын – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті;

ІІ орын – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті;

ІІІ орын– Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті КеАҚ.

Тарихшылардың ХІІІ Республикалық пәндік олимпиадасын ұйымдастыру құқығы – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне берілді.

Жеңімпаз командаларды шын жүректен құттықтаймыз!