press office of Shakarim University11 november 2024ақын

АҚЫННЫҢ АШЫҚ ДӘРІСІ

Shakarim University-дің 90 жылдығы аясында "Табысты тұлғалардың дәрісі" айдарымен ақын,  Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының ашық дәрісі өтті. Дәріске Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қарт, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, университеттің профессорлық оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Университет ректоры Думан Орынбеков кезекті дәріс оқитын табысты тұлғаны таныстырып, сөз тізгінін құрметті қонақтарға ұсынды.

«Абай және Ақыт қажы сабақтастығы: бүгінгі қазақ әдебиетіндегі ұлттық болмыс» тақырыбындағы  дәрісте   қазақ жазба поэзиясының негізін қалаған хәкім, ойшыл, ақын Абай мен оның шығармашылығын шетелге насихаттаған алғашқы ағартушы ұстаз, ғұлама, ақын, қайраткер Ақыт қажы Үлімжіұлының шығармашылығындағы рухани үндестік жайлы баяндады.

«Ақыт қажы Үлімжіұлы қазақтың ұлы тұлғалары Абай мен Шәкәрімнен кейін аты аталатын, күллі қазақ халқына ортақ дүлдүл ақын. Оның өмірі Қытай жерінде өтсе де, ол қазақтың мұң-мұқтажын жырлап өтті. Ақыт қажы – Абайдың  өлеңдерін Алтай қазақтарына тәпсірлеуші.Ол тек өлкелік қана ақын емес. Ол – тұтас ұлттың жоғын іздеуші, Алаштың арманын аласартпай, қазақты ағартуға, оянуға үндеп келген ақын»- деген ол 1909 жылға дейін Ақыт Қарымсақовтың Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан 7 кітабының жарық көргені, оның Абайға еліктеп көптеген өлең жазғаны, бірнеше тілді меңгергендігі,1908 жылы Меккеге қажылыққа сапар шегіп,  қайтып келген соң мешіт салдырып, медресе ашып мұғалім болғаны т.б. көптеген тың деректер ұсынды.

Ақын университеттің 90 жылдығына тарту ретінде кітапхана қорына 30 кітапты сыйға тартты.

Шәкәрім университеті Ғылыми Кеңесінің шешімімен Дәулеткерей Кәпұлына «Шәкәрім университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.