Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Шәріпбек Ағабайұлы Әмірбек «Табысты тұлғаның Шәкәрім университетіндегі дәрісі» айдары аясында «Тұжырымдамалық оқытудың теориялық және әдіснамалық негіздері» тақырыбында ашық дәріс өткізді. Дәріске университет басшылығы, Жоғары және Зерттеу мектептерінің декандары, кафедра меңгерушілері мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Шәріпбек Ағабайұлы өз дәрісінде тұжырымдамалық оқытудың теориялық және әдіснамалық негіздеріне терең үңілді. Ол тұжырымдамалық оқытуды білім беру процесінің тиімділігін арттырудың, студенттерді шығармашылық ойлау мен күрделі мәселелерді шешуге қабілетті етіп тәрбиелеудің маңызды құралы ретінде қарастырды.
Дамыған елдердің білім беру жүйесін жете зерттеген ғалым конструктивтік оқыту модельдері Лев Выготский, Жан Пиаже сияқты теоретиктердің зерттеулері арқасында пайда болғанын, жаңа білім беру әдістемелерін дамытқанын атап өтті. Сондай-ақ, оқытудың когнитивті теориясының дамуына ерекше еңбек сіңірген америкалық ағартушы Джером Брунер мен тұжырымдамалы оқыту және когнитивті құрылым идеяларын әзірлеу арқылы тұжырымдамалық оқытуға зор үлес қосқан Дэвид Аусбельдің еңбектеріне тоқталды.
Профессор өз дәрісінде конструктивтік оқыту моделін білім беру жүйесінде қолданудың маңызды екенін және оның білім алушының жеке даралық ерекшеліктерін ескере отырып, шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен әсер ететінін, бұл баланың танымын тереңдетуге, ойлау қабілетін дамытуға бағытталатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Шәріпбек Ағабайұлы өңірлік жоғары оқу орындарының ең басты көрсеткіші – өңірдің дамуына қосқан үлесі екенін айтып, ғылыми технологияны жетілдіру, инновациялық жобаларды іске асыру арқылы жоғары оқу орындары өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол жоғары білімнің өңірлік экономиканы дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті жаңғыртуға тигізетін әсері туралы сөз қозғап, білім беру мен ғылыми зерттеулердің тиімді байланысын нығайтудың маңыздылығын түсіндірді.
Бұл дәріс университеттің білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.