Бүгін Шәкәрім жоғары колледжінің бітіруші түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Түлектер өміріндегі ең маңызды күнге арналған ауқымды іс-шараға жастардың ата-аналары мен білім берген ұстаздары, оқу орнымен серіктес мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Салтанатты кештің шымылдығын ашқан ShakarimHigherCollege директоры Тоты Әбдікәрімова үлкен өмірге жолдама алып отырған түлектеріне деген қимастық сезімін білдіріп, ақ жол тіледі.
Шәкәрім университеті ректоры Думан Орынбеков колледжді бітіруші түлектерге ізгі тілегін айтып, өмірдің сан тарау жолдарына бет алған жастарға үлкен сенім артатынын жеткізді. Ол өз сөзінде университеттің биылғы оқу жылында қол жеткізген табыстарын да атап өтті.
-Құрметті түлектер! Сіздер бүгін өмірдің жаңа белесіне қадам басқалы отырсыздар. Сіздер еліміздің саналы, парасатты, биік мәдениетті азаматтарының қатарын толықтырады деген үлкен сенімдеміз. Себебі, сіздер жай оқу орнында емес, Шәкәрім бабамыздың атымен аталатын оқу орнында тәлім алдыңыздар. Ең бастысы, Сіздер мұнда тек біліммен сусындап қана қоймай, өмірлеріңізге мол тәжірибе жинақтадыңыздар.
Соңғы екі жылда Шәкәрім университеті сіздермен бірге өзгерді, өсті. Оқу ордасы өткен аптада ғана әлемдегі ең беделді және ықпалды университеттер рейтингі – QS WorldUniversityRankings 2026 тізіміне ресми түрде енді. Бұл рейтингке 106 елден 8 467 университет қатысып, олардың 1501-і финалдық тізімге өтті. Осы рейтингке Қазақстан атынан 20 университет енсе, ShakarimUniversity – елімізден енген үш жаңа оқу орнының бірі. Бұл – өңірлік университеттің ауыз толтырып айтуға тұрарлық үлкен жетістігі.
Енді Сіздердің алған білімдеріңіз, идеяларыңыз, қажыр-қайраттарыңыз өңіріміздің әлеуметтік салаларын, экономикасын өркендету үшін аса қажет. Мен әрқайсыңыздың өмірден лайықты орын алуларыңызға тілектеспін,- деді ол.
Салтанатты кеш барысында оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласқан, шығармашыл, спорттық жетістіктерге қол жеткізген т.б. түлектерге Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жетістіктері мен кәсіби шеберліктері үшін бірқатар ұстаздар Абай облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен және ShakarimUniversity ректорының Алғыс хатымен марапатталды.
Білім ордасын ветеринария, орман шаруашылығы, тағам өндірісінің технологиясы, технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару, бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, дене шынықтыру мұғалімі, төтенше жағдайларда қорғау, сандық техника, есеп және аудит сынды мамандықтар бойынша 512 студент тәмамдады. Олардың 60-қа жуығы білім мен табандылықтың, жауапкершілік пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп, оқу орнын Үздік дипломмен аяқтап отыр.