press office of Shakarim University30 june 2025түлек

ЖАҢА ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА

Еліміздің білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, өңірдегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Шәкәрім университеті өзінің кезекті түлектерін үлкен өмірге шығарып салды. Биылғы «Graduate-2025» салтанатты диплом табыстау рәсімі «Арена» көпсалалы мәдени-спорт кешенінде жоғары деңгейде өтті.

 

 

Бұл айтулы іс-шара – тек студенттік өмірдің аяқталып, жаңа кезеңнің басталуы ғана емес, сонымен қатар, білім мен үміт тоғысып, жастардың армандарына жол ашқан ерекше күн болды.

 

 

Биылғы жылы оқу орнын 1811 түлек тәмамдап отыр. Олардың 769-ы күндізгі бөлімді бітірсе, 146 студент ерекше үлгідегі диплом иегері атанды. Бұл – сапалы білім мен тынымсыз еңбектің, қажырлы ізденістің нәтижесі.

 

 

Салтанатты кеште Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков бітіруші түлектерге ақжарма тілегін арнады. Ол өз сөзінде:

«Бүгінгі күн – ерекше күн. Бұл күн – таңдаудың, өсу мен есеюдің, тынымсыз ізденістің, еткен еңбек пен төккен тердің бір арнаға тоғысқан сәті. Бұл – жаңа өмір кезеңінің басталуы. Сіздер бұл оқу орнынан тек сапалы біліммен ғана емес, мол тәжірибемен де қанаттанып ұшқалы отырсыздар.

Соңғы екі жылда университет сіздермен бірге өзгерді. Сіздер – осы өзгерістер дәуірінде білім алған және сол өзгерістің тікелей куәсі, қатысушысы болған ұрпақсыздар. Бүгінде біздің университет – жаңа технологиялардың, инновациялық жобалардың, өндіріс пен жаңа жұмыс орындарының бастауына айналып отыр. Демек, сіздердің білімдеріңіз, тың идеяларыңыз бен қажыр-қайраттарыңыз дәл осы жерде, дәл қазіргі уақытта қажет»-деді.

Бұл сөздер тек түлектерге ғана емес, ата-аналары мен оқытушыларына да  үлкен сенім мен мақтаныш сезімін сыйлады.

 

 

Университет қабырғасынан түлеп ұшқан жас мамандар еліміздің түрлі салаларында еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосуға әзір.

 

Бүгінгі кеш – жарқын болашаққа жасалған алғашқы үлкен қадам, үлкен жолдың бастамасы.

Университет түлектеріне сәттілік тілеп, армандарыңыз асқақ, жолдарыңыз әрдайым ашық болсын демекпіз!