пресс-служба Университета Шакарима02 июнь 2025топ-100

ҮЗДІК СТУДЕНТКЕ – ҮЛКЕН ҚҰРМЕТ

30 мамыр күні Shakarim University-дің «Үздік студент» жобасы қортындыланды. Бұл айтулы іс-шарада биылғы оқу жылындағы жетістіктер мен студенттердің түрлі саладағы еңбегі сараланды. Білім, ғылым, өнер, спорт сынды төрт бағытта университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосқан, жыл бойы белсенділік танытқан үздік студенттер құрметтелді. Биылғы жылы «Үздік студент» жобасында 400-ге жуық білім алушы бақ сынаса, соның ішінен 100 студент ең үздік деп танылды.

 

 

Жеңімпаздарды құттықтаған университет ректоры Думан Орынбеков олардың әрқайсысының ел дамуына үлес қосар жас маман болып қалыптасатындықтарына сенім білдірді. Ол университеттің басты мақсаты да ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен кемел тұлғаны қалыптастыру екенін атап өтті.

 

 

Shakarim University үздіктерін марапаттауға арналған айтулы іс-шараға Абай облысында алғаш құрылған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсенбаев және «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры, университет түлегі Айдос Төлеуқановтар қатысып, үздік студенттерді жетістіктерімен құттықтады.

 

 

Университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар білім алушылар ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатымен марапатталды.

 

 

Ең үздік деп танылған 20 студентке «Үздік студент» төсбелгісі табысталса, үздіктердің үздігі – Қаныш Мұхаметкәрім  «Үздік студент – 2025» атанды. Ол  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің  ұйымдастыруымен Астана қаласында өтіп жатқан Astana International Forum-ына қатысып жатқандықтан, марапаты анасы Әсем Ильбековаға табысталды.

 

 

«Үздік көшбасшы» аталымына жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосып, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан Нұрасыл Елубаев лайық деп танылды.

 

 

Спорт бағыты бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген Нұржан Мэлсов «Үздік спортшы» атанса, «Үздік кіші декан» аталымын Жалғас Мұхсийнов еншіледі.

 

 

Жастар   арасында патриоттық тәрбиені қалыптастыруда, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде және қоғамдық белсенділікті арттыруда жоғары нәтижеге қол жеткізген» Ветеринария және ауылшарушылығы зерттеу мектебі «Үздік мектеп» деп танылды.

 

 

Сонымен қатар,«Үздік іс-шара» («Қарагөз» студент-жастар театры),

 «Үздік әлеуметтік парақша» (Физика және химия ғылымдары зерттеу мектебі),

«Үздік студенттік ұйым» («Конгресс» интеллектуалды дебат клубы),

 «Жыл мақтанышы» («Force» би тобы),

«Жыл жаңалығы»(«Оқырмандар клубы») аталымдарына ие болған  студенттік ұйымдар да бар.

 

 

Оқу ордасының контингентін қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында 2025 жылы  республикалық деңгейде үздік ұйымдар қатарынан танылған «PROFUNIT» мобильді клубы «Абитуриент магнаты» атанды.

 

 

Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында ұлттық құндылықтар мен жетістіктерді насихаттау. Бұл студенттердің білім, тәрбие және тұлғалық дамуының жоғары сапасын сақтауға мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар.

 

 

Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» деген дана сөз бар. Жас ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан игі шаралар – болашаққа салып жатқан жарқын жол, мәңгілік құндылықтар мен рухани мұраның кепілі.