press office of Shakarim University26 september 2024академик шәкәрім университеті

Академик дәрісі: БІЛІМ БЕРУДІҢ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеуші-профессоры, академик, "Парасат" орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқарбек Құсайынов Shakarim University-де ашық дәріс өткізді. Дәріске Shakarim University және  Alikhan Bokeikhan University профессорлық-оқытушылық құрамы,  Семей қаласы мен  ауыл мектептерінің директорлары қатысты.

«Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбындағы дәрісінде отыз жылдан астам уақыт бойы шетелдің білім беру жүйесін зерттеп келе жатқан  ғалым орта білім берудің сапасын көтерудің маңыздылығы,  білім беру мазмұны, білім сапасын бағалау, оқулық сапасын арттыру мәселелеріне жеке жеке тоқталып,  салыстырмалы педагогика ғылымы жайлы түсінік берді. Сонымен қатар, Қазақстан мен білім сапасы озық елдерде педагог кадрлар дайындау жолдарын салыстырып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру жолдарын ұсынды.

«Мектептерде жұмыс жасап жатқан мұғалімдердің кәсіби құзіретін көтеру мәселесін аса маңызды проблемалардың бірі ретінде қарастыру керек. Мұғалімдерге тиісті біліктілік деңгейін беру туралы шешім қабылданғанда басты көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімдерінің сапасын алу керек деп есептеймін. Адамды қозғаушы басты күш – оның өз мүддесі екенін естен шығармаған абзал. Аттестация өту кезінде осындай шешім қабылданса, әр мұғалім, біріншіден, өзінің кәсіби құзіретін көтеру жолдарын іздейді және сол бағытта жұмыс жасайтын болады, екіншіден, білім берудің сан алуан тәсілдерін меңгеруге ынталанады. Осылай өткізілген аттестация білім беру жүйесін дамытуға жаңа серпін беретін болады»- дейді Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салған,  шетелдердің білім беру жүйелерін зерттеп, еліміздің білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісін ұсынған жерлесіміз.

Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов 1951 жылы 30 мамырда Семей облысының Қайнар ауылында дүниеге келген. Қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Алматы энергетика институтының және Герман Демократиялық Республикасы Ильменау қаласындағы Жоғары техникалық мектептің аспирантураларын бітірген.

Ол 20 монографияның, 11 оқулық пен оқу құралдарының, 5 кітаптың, 6 Мемлекеттік стандарттың, 11 түсіндірме және терминологиялық сөздіктің, 150-ге жуық ғылыми мақаланың авторы.