press office of Shakarim University08 october 2024студент

БІЛІМ ГРАНТЫ: ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ

Shakarim University-де мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алып жатқан 2025 жылы бітіретін түлектерге (бакалавриат, магистратура, PhD) жас мамандарды бөлу, жұмысқа орналастыру және міндетті жұмыстарға қатысты мәселелерді түсіндіру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ өкілі «Мемлекеттік тапсырыс негізінде грантты өтеу шарттары» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.

Мақсат – Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында көрсетілген міндетті жұмысты еңбекпен өтеуді қадағалау мен оған бақылауды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген грант негізінде оқитын және ауылдық квота бойынша оқуға түскен, 2024-2025 оқу жылында оқу орнын бітіретін білім алушыларды грантты еңбекпен өтеуге байланысты жан-жақты ақпараттандыру.

«Қаржы орталығы» АҚ-ның өкілі Ақзира Серікқалидың айтуынша, мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алған түлектердің еңбекпен өтеу мәселелеріне «Қаржы орталығы» мониторинг жүргізеді. Жас мамандар өз міндеттерін орындамаған жағдайда Қаржы орталығының жұмсалған қаражаттың қайтарылуын талап етіп, сотқа жүгінуге құқы бар. Мұндай жағдайда бітіруші түлек шыққан шығынды екі есе етіп қайтаруы мүмкін.

Кездесу барысында білім алушылар өз сауалдарын қойып, оған толық жауап алды.

 Айта кету керек, елімізде соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша  2 мыңнан астам жас маман міндеттемелерін өтемей  жүрсе, 900 іс бойынша сот шешімі шыққан.