Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі21 маусым 2022есеп, университет басшысы

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІ

Шәкәрім университетінің 2021-2022 оқу жылындағы қызметінің қорытындылары бойынша ректор Бауыржан Ердембековтің халық алдында есеп беру кездесуі өтті.

Екі сағатқа созылған кездесуге облыстың және қаланың білім беру ұйымдарының басшылары, университеттің серіктес өндіріс басшылары, өндірістен шақырылған практик-мамандар, меценаттар, қоғамдық ұйымдар басшылары мен профессор-оқытушылар құрамы және БАҚ өкілдері шақырылды.   

Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек еткен Бауыржан Аманкелдіұлы көпшілік көңіліндегі сауалдарға нақты жауап берді. Жиында Бауыржан Ердембеков: «Университет миссиясы мен бағдарын негізге ала отыра, сапалы маман даярлауда «дарынды оқушы – білімді студент және кемел тұлға – білікті маман» моделін іске асыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Білімді студентті қалыптастырудың бірден-бір шарты қабылданатын сапалы талапкер, яғни мектеп түлегіне байланысты екені сөзсіз. Аталған модельде көрсетілген дарынды оқушыны тартуда бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтар болсақ, мектептерді өз қамқорлығына алу бастамасымен қала мектептерінде профильдік сыныптар ашылуда. Мысалы, №3 мектепте инженерлік сыныптар, №40 мектепте экономикалық сыныптар ашу бойынша барлық жұмыстар жүргізілді»,- деді.

Ректор өз сөзінде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және өндіріспен байланыс туралы да тілге тиек етті. Университет ректорының бүгінгі есебінде академиялық қызмет пен кадрлық әлеует, ғылыми-зерттеу қызметі,  әлеуметтік-тәрбие қызметі, қаржы-шаруашылық жөнінде есебі тыңдалып, алдағы стратегиялық даму бағыттары таныстырылды.  

Академиялық қызмет

Дарынды оқушыларды өңірден іріктеп, 10-сыныптап бастап университет мамандықтарына бағыттап оқыту мақсатында Shakarim high school ашу жоспарланды. Колледж - ЖОО арасындағы сабақтастық құру арқылы «3+2», «2+2» білім беру шеңберінде мамандар даярлау және түлектерді тарту мақсатында 2 колледжбен консорциум құрылды. Өңірдің Алтын белгі игерлеріне және Дарын орталығы ұйымдастыратын ғылыми жұмыстар, олимпиада жеңімпаздары мен қатысушыларына Университет гранты ұсынылды. 2021-2022 оқу жылын бакалавриат деңгейі бойынша 52 ББ болса, жыл бойынша оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, 2022-2023 оқу жылында ББ саны 45 құрайды. Қашықтықтан оқыту (ДОТ) ережелеріне өзгеріс еңгізіліп, педагогикалық, ветеринарлық бағыттар бойынша 20% онлайн оқыса, қалғаны офлайн оқитын болды. Биылғы оқу жылында «Экономика және менеджмент», «Бухгалтерлік есеп және қаржы», «Филология және журналистика» сынды мамандықтар әзірленіп, қабылдау жүргізілді. 2022-2023 оқу жылына магистратура деңгейі бойынша «Бухгалтерлік есеп және қаржы» және «Экономика және басқару» Double Major (Даблмэйджер) әзірленді. Жаңа оқу жылында студенттер minоr 13 бағдарламасының 1-ін таңдап, қосымша құзыреттер алу мүмкіндігіне ие болды. Білім беру процесіне дуалды оқыту элементтерін енгізуге тәжірибелі 46 практик мамандар тартылды. Келесі жылы 60 практик маманды тарту көзделді. ЖОО-дағы білім беруді интернационалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Шетелдік серіктестермен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары, зертханалар қызметін үйлестіру, ғылыми-инновациялық жобалар да айтылды. Оқу ордасында Түркия және Польша ЖОО-мен халықаралық байланыс одан әрі кеңейе түсті.  Білім беруді интернационализациялау мақсатында университетің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығы аясында шетелдік ғалымдар дәріс жүргізсе, бүгінгі таңда 50-ге жуық студент шетелде білім алуда. 2022-2023 оқу жылынан бастап еліміздің 4 университетімен бірлесіп «Traveling student» жобасы қолға алынды. «Үздіксіз білім беру» қағидасын жүзеге асыру мақсатында «Күміс университет», «Жазғы мектеп», «Жазғы лагерь» жобалары жүзеге асырылуда. Алдағы оқу жылында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша докторантура ашу жоспарлануда.

Ғылыми-зерттеу қызметі

Ғылыми-зерттеу қызметі білім берумен қатар университет қызметінің негізгі түрі болып табылатыны белгілі. Университетте ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы жыл сайынғы «ЖОО үздік оқытушысы» байқауына университет ішілік кезеңге 25 адам қатысты, оның ішінде 8 адам республикалық кезеңге ұсынылды, олардың 7-і жеңімпаз болып, «Үздік оқытушы» атағын алды. Университеттен Қазақстанда алғаш рет жарияланған «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» байқауына 29 адам қатысты. «Қауымдастырылған профессор» ғылыми атағын алу үшін 4 оқытушыдан құжаттама әзірленді. 2021 жылы университетте ғылыми мектептер туралы Ереже әзірленді. Қазіргі таңда 2 ғылыми мектеп, атап айтқанда А. Еспенбетовтың жетекшілігіндегі «Әдеби өлкетану» және «Профессор Е. Төлеуов атындағы тамақ өнеркәсібінің техникасы мен технологиясы» ғылыми мектептері құрылып, өз жұмыстарын атқаруда. ПОҚ-ның пандемиядан кейінгі кезеңде, публикациялық белсенділігі 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 55% - ға артты. Scopus және Web of Science базаларындағы мақалалар саны 2021 жылы 17% -ға өсті. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Scopus-та – 18, Web of Science-та – 6 мақала жарық көрді. Хирша индексі бар ПОҚ санының үлесі 2020 жылғы 17%-дан 2021 жылы 45%-ға өсті. Ғылым апталығында 3000-нан астам адам 32 шараға қатысса, «SHAKARIM FORUM: жаңа идея, жаңа қадам» форумында 23 әртүрлі шара ұйымдастырылды. Форум аясында «Үш анық» конференц-залы, А. Мұқатаев атындағы мамандандырылған кабинет, Н.Өтепбаев атындағы өнер студиясы, Ақтайлақ би атындағы шешендік өнер аудиториясы ашылды. Университетте 3 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. 2020-2022 жылдар аралығында жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сыныптарына арналған «Абайтану» пәні бойынша оқулықтар, мұғалімдерге арналған хрестоматия мен әдістемелік ұсынымдар жасалды. 2021-2022 оқу жылында «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық жинағы қайта басталып, 14 жылдан кейін шығарыла бастады. Ағымдағы жылы «Шәкәрімтану мәселелері» жинағының 7-томы жарық көрді. «Шәкәрім тілінің сөздігін» құрастыру және «Абай даналығы» атты заманауи иллюстрацияланған еңбек шығару жоспарлануда. Орталық мамандарының әзірлеуімен гранттық қажыландыру конкурсына 1 ғылыми жоба ұсынылды. «Агротехнопарк» ЗО гранттық қаржыландыру негізінде 2 ауқымды зерттеулерді жүзеге асыруда. 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға өтінім берген 11 жобаның ішінен 5 жоба жеңіп алды. Бүгінгі таңда университет бойынша ғылыми жобаларға байланысты қаржыландырудың жалпы көлемі 526,4 млн. теңге, бұл 2021 жылға қарағанда 7 есе жоғары. ҚР БжҒМ жариялаған 2022-2024 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына 16 ғылыми жоба конкурсқа ұсынылды. 2021 жылы Жас ғалымдардың жобаға қатысуы 62% құрайды, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 4% болған. 2021 жылы Шәкәрім университетінің стартап-конкурсы туралы ереже әзірленді. Байқауға 92 жоба ұсынылып, 5 жоба жеңіске жетті. 2022-2023 оқу жылында ПОҚ пен білім алушыларды ынталандыру мақсатында стартап жобаларды қаржыландыруды 50 000 000 теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Университеттегі халықаралық ынтымақтастық әлемнің 27 елінде 70-тен астам меморандумдар мен ынтымақтастық туралы шарттар негізінде дамуда. 2021-2022 оқу жылында әлемнің 10 елінде 18 жаңа шарт жасалды, ынтымақтастық географиясы Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен толықты. Соңғы уақытта Орталық Азия мен Түркияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық нығаюда. 2022-2023 жылдары әр факультетте кем дегенде 2 қос дипломдық бағдарламасын ашу жоспарланған. 2021-2022 оқу жылында Шәкәрім университеті екі жаңа халықаралық грантқа қол жеткізді. Бұл жоба Rita – онкологияның өзін-өзі диагностикалау әдістері (Польша-АҚШ) университеттің серіктесі Польшадағы Быдгощ университеті және Семей медициналық университетімен бірлесіп жүзеге асырылады. АҚШ Елшілігінің жобасы – әлеуметтік осал топтардан келген студенттерге арналған 2 жылдық ағылшын тілі әдістемесін оқыту бағдарламасы. Шәкәрім университетіндегі халықаралық жобаларды Еуропалық Одақ және АҚШ Үкіметі қаржыландырады. Қара шаңырақта цифрлық трансформациялау жоспары қабылданды. Жоспардың І-ші кезеңіне мобильді қосымшаны енгізудің 1-ші кезеңінің техникалық тапсырмасы, «білім алушылар контингенті», «ПОҚ», «құрылым», «қызметкерлер», «білім беру қызметі», «ғылыми қызмет», «тәрбие қызметі», «материалдық-техникалық қамтамасыз ету және ақпараттық жүйелер», «Инфрақұрылым», «коммерцияландыру» және «халықаралық ынтымақтастық» бөлімдері кіреді.

 Әлеуметтік-тәрбие қызметі

Жастардың бойына мәдени және рухани құндылықтарды сіңіру үшін 2021 жылдың маусым айынан бастап «Шәкәрім жастары» интеллектуалды орталығы іске қосылды. Орталықта Студенттік парламент, жастар ұйымы, клубтар, үйірмелер мен кіші деканаттар өз жұмыстарын атқаруда. Ағымдағы оқу жылында студенттердің өзін-өзі басқару ұйымымен 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылса, оның 35-і демеушілердің көмегімен жүзеге асты. Университетте жастардың лайықты буынын қалыптастыру жолға қойылған. Былтырғы жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Медиа орталық масс-медиа және коммуникация қызметкерлерінің қатысуымен «Shakarim Media Week – 2022» өткізуді жоспарға алды. Университетте әртүрлі әлеуметтік санаттағы студенттердің жағдайына ерекше көңіл бөледі. Білім ордасының барлық факультеттерінде көп балалы, аз қамтылған отбасылардың, жетім және мүмкіндігі шектеулі студенттерлің саны туралы мәліметтер жүйелі түрде жиналады. Оқу орнында «Шәкәрім шапағаты» қоры жұмыс істеуде. Қордың қызметі аясында меценаттардың қолдауымен жабдықталған атаулы және мамандандырылған аудиториялар саны – 30-дан асады. Ағымдағы жылы Шәкәрім шаңырағының студенттерінің оқу үлгерімін, ғылыми ізденістерін, спорт, қоғамдық және шығармашылық жағынан белсенділіктерін бақылап отыратын KPI жүйесін еңгізген болатын. «Үздік студент» жобасының нәтижесінде ТОП-100 студент марапатталып, білім алушыларымызға бір реттік шәкіртақы табысталды.

Жиынның екінші бөлімінде БАҚ өкілдері мен облыстың зиялы қауым өкілдері ҚР ЖОО-ның академиялық еркіндігі, білім сапасын арттыру, университеттегі ғылыми қызметті дамыту, постдокторантура бойынша, гранттар мен әлеуметтік жеңілдіктер туралы және т.б. сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды.

Сұрақ-жауап алаңында 20-дан аса сұрақтар қойылып, толық жауап қайтарылды. Бұл шара жұртшылық үшін Шәкәрім университетінің ағымындағы жағдайы мен стратегиялық даму бағдарлары туралы ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік берді.