Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 желтоқсан 2024практика

БІЛІМ МЕН ІС-ТӘЖІРИБЕНІ ҰШТАСТЫРУ БАРЫСЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АЛАҢ

Shakarim University-дің педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлауға арналған білім беру бағдарламалары бойынша 3-4 курс білім алушыларына «Пәндерді оқыту әдістемесі» пәнінің қорытындысы бойынша «Creative Workshop» ұйымдастырылды.

 

Бұл іс-шара білім алушылардың пән мазмұнын меңгеруі мен іс-тәжірибеге дайындық деңгейін анықтауды, педагогикалық іс-тәжірибе базасына барғанда қиналмай, іс-тәжірибе мақсатын сапалы жүзеге асыруға әзірлігін көздейді.

 

Келесі семестрден бастап 3 курс студенттері – педагогикалық практикаға, 4 курстар өндірістік практикаға шығатындықтан, студенттердің осы іс-тәжірибеге дайындықтарын бір пысықтап, бекітіп алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Семей қаласы мектептерінің пән мұғалімдері, яғни практика базасының жетекшілері де қатысты.

 

«Пәндерді оқыту әдістемесі» пәнінің қорытындысы бойынша 3 курс студенттері педагогикалық іс-тәжірибеге жолдама алады. Жолдама алудың көрсеткіші – студенттің портфолиосы. Практиканттың портфолиосында іс-тәжірибе базасы туралы ақпарат, базада бекітілген педагогтың жоспары негізінде ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар құрастыру, сыныптан тыс және тәрбие жұмыстарының жоспарларын жасау, сабақты талдау схемалары, сабақты өткізуге арналған көрнекі құралдар дайындау және т.б. қамтылады. Бұл - «Пәндерді оқыту әдістемесі» пәні мен іс-тәжірибені байланыстыру» - дейді Мансап және практика бөлімінің жетекшісі Раукен Мухметова.

 

Іс-шарада студенттердің қолдан жасаған барлық көрнекілік құралдары, портфолиосы көрме ретінде ұсынылып, іс-тәжірибе базасынан шақырылған практик мұғалім студенттерге шеберлік сабағын өткізді, студенттер де өздерінің теориялық білімдерін тәжірибе жасау арқылы көрсетіп, іс-шараның мазмұнын аша түсті.