Алты ай жатқан қардың көбесі сөгіліп, көктем қылаң бергенде қазақ даласында «Көрісу» немесе «Амал мерекесі» басталады. Шығыс күнтізбесі бойынша, күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. Мұндағы «амал» сөзі ескіше парсы тілінің «хамал» сөзінен алынған. Наурыз айын парсыша «Хамал айы» деп атауы себепті, «Амал мерекесі» аталып кеткен.
Көктем маусымының 14-ші күнінен бастап тойланатын Көрісу – қазақтың дәстүрге толы ұлттық мерекесі. Бұл мереке қарсаңында жыл бойы бірін-бірі көре алмай жүрген ағайын-туыс бас қосып, құшақ жайып көрісетін болған. Реніш пен өкпе-назды кешіріп, достық пен татулыққа, бауырмалдыққа ұмтылған. «Амал мерекесі» қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, бұл өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашақты таза жүрекпен қарсы алуға мүмкіндік беретін кезең саналады.
Тамақ инженериясы, Физика және химия ғылымдарының зерттеу мектептері Көрісу күніне арналған іс-шара ұйымдастырып, ұлттық дәстүрді насихаттауға үлкен үлес қосты. «Амал мерекесін» асыға күткен оқытушылар мен студенттер жартылай киіз үйді ұлттық нақышта жабдықтап, ұлттық тағамдарға толы дастархан жайып, табалдырықтан аттаған әрбір қонақты жылы жүзбен қарсы алып, қошемет көрсетті, төс түйістіре құшақтасып амандасты. Студенттер «Амал мерекесінің» мәнін ашатын қойылым қойып, әуелете ән шырқады, мың бұрала биледі, күмбірлете күй төкті.
Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізсе, ақсақалдар жастарға батасын беріп, «әумин» деп тілек етті.




