Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 қыркүйек 2024шәкәрім университеті

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Қазақстанға Орталық Азия елдерімен ауыл шаруашылығы саласында терең ынтымақтастық орнату мақсатымен келген Қытай Халық Республикасының  делегациясы Шәкәрім университетінде болды. 

 

Делегация құрамында Солтүстік-батыс орман және ауыл шаруашылығы университетінің агрономия профессоры Джан Джын Мао;  Қытайдың ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігі, Азық-түлік және тамақтануды дамыту институтының доценті, аталған министрліктің ауылшаруашылық нарығын талдау және ерте ескерту тобының бидай жөніндегі бас сарапшысы Луи Руи; Jinshahe Group өнеркәсіптік астық технологиялары академиясының өкілдері: Стратегиялық даму департаментінің директоры Сяо Сяо-Хун; Тамақ өнеркәсібін зерттеу зертханасының директоры У Гуй-Лин;  Тамақ өнеркәсібін зерттеу зертханасының ғылыми-зерттеу маманы Хуан Лу-Яо; сонымен қатар «Сиань Хету» сауда компаниясының Бас директоры Ма Дунцзы және қаржы директоры Ян Бо-Сиань келді.

 

Делегацияның сапары 2024 жылғы 3 шілдеде Астана қаласында өткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуінде қол қойылған Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығын бірлесіп құру туралы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өтті.

 

Делегация мүшелеріне оқу орнын таныстырған  университеттің  интернационаландыру және инновация жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай аудармашылық қызметті өзі атқарды. 

 

Ауыл шаруашылығы және биоресурстар кафедрасының қызметкерлерімен бидай өсірудің өзекті мәселелерін,  бидай өсіру жобаларын коммерцияландыру бойынша нақты қадамдарды талқылады.  Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің деканы Нұрлыгүл Есенғұлова бүгінгі күні ауыл шаруашылығы бағытындағы  ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Биыл университеттің Агробиолабораториясындағытәжірибелік алаңға өсіру үшін «Сиань Хету» сауда компаниясы арқылы бидай және рапстың арнайы қытай сұрыптары алынған болатын. Агробиолабораторияда университет ғалымдары ҚХР-дың Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдарымен бірлесіп, екі ғылыми жобаны іске асыру үшін жұмыс істеуде. Солардың бірі – шетелдік селекцияның бидай және рапс сорттарын Абай өңірінің табиғат жағдайларына бейімдеу мен төзімділігін зерттеуге бағытталған. Ғалымдар алдағы уақытта егістік аумағын ұлғайтып, өсірілетін өсімдіктердің түрлерін көбейтуге, мал азықтық дақылдарды өсіруге ниетті.

 

Делегация өкілдері  өз кезегінде Қазақстанның шығыс өңірінің климаттық жағдайында өсіру технологиясын таңдау және оның сапасын зерттеу үшін Абай облысында және Шәкәрім университетінің Агробиолабораториясының тәжірибелік алқаптарында өсірілетін қазақстандық және қытайлық бидай сорттарының тәжірибелік үлгілерін алғылары келетінін жеткізді.