19-23 маусым аралығында Шәкәрім университетіне жазғы зерттеу мектебін өткізу үшін Канада елінен “Academics without Borders” халықаралық ұйымының өкілдері келді. Әлемге әйгілі “Academics without Borders” ұйымы бүкіл әлем бойынша жоғары білім беру жүйесін дамытуға көмектеседі.
Мектептің мақсаты – ғылыми зерттеулер мен мақалаларды танымал халықаралық рецензияланатын журналдарда жариялауға дайындау. Қоғамдық пәндерді оқытудың сапалық және сандық әдістерін зерттеу.
Тренингті Калгари университетінің Верклунд білім беру мектебінің білім берудегі көшбасшылық, саясат және менеджмент кафедрасының доценті және Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің негізін қалаушылардың бірі Әлия Құжабекова, Канада банкінің Халықаралық экономика кафедрасының аға талдаушысы Ескендір Кәрібжанов, Калгари университетінің антропология кафедрасының PhD докторанты, жобаның волонтеры Арафат Мамырбеков жүргізеді.
Жазғы мектеп қатысушыларына жазғы мектепті бітіргеннен кейін 9 ай ішінде олардың жобалары бойынша жаттықтырушылардан кеңес алу мүмкіндігі болады. Сондай - ақ, оқытушылар бакалавриат немесе магистратура студенттеріне оқытылатын зерттеу курстарының бағдарламалары бойынша ұсыныстар ала алады, - деп атап өтті Халықаралық ынтымақтастық орталығының маманы Ермек Конганбаев.
Жазғы мектепті бітіргеннен кейін қатысушылар "Academics without Borders" халықаралық ұйымы мен Калгари университетінен сертификат алады.