Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 мамыр 2022шәкәрім оқулары

АР ІЛІМІ ‐ РУХАНИ ТАЗАРУ ЖОЛЫ

Бүгін Гуманитарлық-экономика факультетінде #ShakarimForum аясында «Ар ілімі бүгінгі қоғам контекстінде» тақырыбында панельдік талқылау өткізілді.
Талқылауға шақырылған қонақтар, профессорлық-оқытушылық құрамы, магистранттар мен докторанттар Шәкәрім қажының өмірлік ұстанымдары, Абай мен Шәкәрім ілімдерінің сабақтастығы, адамгершілік құндылықтары және Шәкәрімнің құқықтық көзқарастарына қатысты ойларымен бөлісті.
Шәкәрім шығармашылығында қазақтың сол кезеңдегі жай-күйі ғана емес, елінің болашағы да тілге тиек етілді.
 "...Шәкәрім қазақ қоғамын қалай құрудың тұжырымдамасын жасап кеткен адам. Оны алдымен адамның жан дүниесі таза, ары биік болумен байланыстырған. Даналықтың арналары - ізгі ой, ізгі мінез-құлық және ізгі іс. Осы үшеуі де Шәкәрім бойынан табылған, оның тұлғасын биіктетіп тұрады"- дейді Шәкәрім мен Абай мұраларын зерттеп жүрген ғалым Асан Омаров.
Философия ғылымдарының кандидаты Жаркимбаева Дана Бақтыбайқызы: "Шәкәрім өлеңдерінде жиі кездесетін сөздерінің бір парасын алып қарағанның өзінде ар ілімі деген бір ұғымның қауызына сияр жүздеген сөзді табуға болады. Олар: жан, тән, көңіл, рух, ар, ұят, ұждан, ақыл, ой, сана, сезім, түйсік, парыз, борыш, намыс, жігер, қайрат, ынсап, қанағат, парасат, ындын, нәпсі, қайырым, рахым, мейірім, залым, әділ, зұлым, адал, алал, халал, абырой, сабыр, талап, арам, харам, өтірік, шын, дос, қас, тату, араз, жақын, дұшпан, іс-әрекет, еңбек" -деп өз ойын тұжырымдайды.
Талқылау нәтижесінде Шәкәрімнің Ар ілімінің қазіргі қоғамда алатын маңыздылығы айтылып, оны дәріптеудің қажеттілігі-заман талабы деген тұжырым жасалды.