Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 наурыз 2023открытие, кабинет ашылды, профессор есімі ұлықталды

ҒАЛЫМ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Бүгін Шәкәрім университетінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Еспенбетовтің ғылыми мектебі» дәрісханасының ашылу салтанаты өтті. Рәсімге университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен ғалымның Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған шәкірттері қатысты. Дәрісхана "Семей рухы" кешенді жобасы аясында шәкірттерінің демеушілігімен жасақталды.
Алғы сөз сөйлеген Басқарма төрағасы Б.Ердембеков игі шараның маңыздылығына тоқталып, дәрісхананың жабдықталуына атсалысып, қомақты қаражатпен көмек көрсеткен ғалымның шәкірттеріне алғысын білдірді.
–"Қара шаңырақта жақсы дәстүрге айналған үрдіс бар. Ол шапағаты жалпақ қазақ жұртына жеткен туған өлкемізге белгілі азаматтар атында атаулы кабинеттер ашу. "Семей рухы" кешендік жобасы аясында 50-ден астам оқу кабинеттері мен кітапханалар ашылды. Алдынан неше жүздеген шәкірт дәріс алған ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым Арап Сләмұлы «Еспенбетовтің ғылыми мектебін» қалыптастырды. Ғалымның жетекшілігімен 1 докторлық, 19 кандидаттық, 1 PhD (философия докторы) диссертация қорғалды. Дәрісхананың ашылуы жастарға үлгі – өнеге болатыны сөзсіз",- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Атаулы дәрісхананың лента қию рәсімі замандастары в.ғ.д, профессор З.Тоқаевқа, "Парасат" орденінің иегері А.Мұқатаевқа, п.ғ.д., профессор С.Маусымбаевқа, Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бұрынғы судьясы А.Алдияровқа, п.ғ.к., профессор Е.Есенжолов пен в.ғ.д., профессор С.Дүйсенбаевқа берілді.
Арап Еспенбетов – қазақ әдебиеттану ғылымының өсіп-өркендеуіне, дамуына айрықша үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі. Ғалым 1975 жылы профессор Б.Кенжебаевтың жетекшілігімен «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың лирикасы» тақырыбында кандидаттық, 1993 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 600-ден аса ғылыми мақалалары, 10 монографиясы, 2 әдістемелік оқулығы және ғалымның редакциясымен 40-тан аса ғылыми еңбек жарық көрді.
Жиын барысында «Профессор Арап Сләмұлы Еспенбетовтің ғылыми мектебі» кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, бұрынғы сот төрағасы К.Мұқашев, т.ғ.д., профессор Қ.Әмірханов, шәкірті, Шәкәрім университетінің ректоры Б.Ердембеков жасады.
Кітапқа көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Арап Еспенбетовтің ғылыми жетекшілігімен докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертация қорғаған шәкірттері туралы мәліметтер топтастырылды.
Ғалым А.Еспенбетовтің жеке кітапханасынан 800-ге жуық құнды кітаптар сыйға тартылды. 1960 жылдардан бергі газет-журналдар, көне кітаптардың фотокөшірмелері де дәрісханаға арнайы берілді. Бұл өз кезегінде жас зерттеушілерге ғылыммен айналысуға үлкен мүмкіндік береді.