Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі12 сәуір 2022меморандум, неделя науки

ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛДАРЫН КЕҢЕЙТУ

Білім беру үрдісін жетілдіруде тәжірибе алмасу, оқытудың заманауи әдістері мен жүйелерін, инновациялық технологияларды қолдану мақсатында бірқатар әріптестерімізбен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Бүгін Шәкәрім шаңырағында Ғылым апталығы аясында «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығы», «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы», «PlasmaScience» пен «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестерімен тікелей әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында Меморандумға қол қойылды.
Кездесудің кіріспе сөзінде Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков болашақ мамандарды сапалы даярлау үшін бірлескен іс-шаралар, ғылыми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді.
Өз кезегінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы директоры Тұрдықұл Шаңбай мұражайдың отандық білім беру мекемесімен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, Шәкәрім университеті – ұлттық ғылым мен мәдениеттің ірі орталықтарының бірі, ол жоғары кәсіби мамандарды ғана емес, сонымен қатар әр түрлі ғылыми бағыттағы жас ғалымдарды дайындаумен айналысатынын баса айтты.
Меморандум аясында екі тарап бірлескен ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарларға, симпозиумдарға қатысуға, сондай-ақ ғылыми-мәдени жобаларын бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік алды.
Кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» жетекшісі Мәди Бектемиров облыс филиалдарында Шәкәрім университетінің түлектері жұмыс істеп келе жатқандығын, жұмысқа агроном саласындағы мамандарды қабылдауға даяр екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, «PlasmaScience» ұйымының директоры, қауымд.профессор Бауыржан Рахадилов машина жасау саласында еңбек нарығының сұранысына сай білімді де, білікті мамандар даярлауға септігін тигізгісі келетіндігін атап өтті.
Меморандумның онлайн форматында сөз сөйлеген «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Жан Ниязбеков аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өсімдіктану бойынша еліміздегі жалғыз институт екендігін атап өтіп, алдағы уақытта оқу орнымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екендігін айтты.
Шара соңында тараптар бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.