Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 қаңтар 2025эмоция

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МАРАФОН ӨТКІЗДІ

Білім беру Жоғары  мектебі Психология кафедрасының ұйымдастыруымен ЖасStar коворкинг орталығында «Эмоциялар палитрасы» және «Жұмыс орнындағы психологиялық саулық» психологиялық марафоны өткізілді. Марафонға университеттің барлық қызметкерлері қатысты.

 

 

Алғашқы болып сөз алған Білім беру Жоғары  мектебінің деканы Мұхтар Әбдікәкімов:

«Университетте өткізілетін іс-шаралардың барлығы дерлік оқытушыларға арнап ұйымдастырылады. Біз бүгінгі марафонда қызметкерлерді қамтығанды жөн көрдік.  Қазіргі жаһандану заманында адамның психологиялық көңіл-күйі өте маңызды. Мұндай іс-шаралар ұжым мүшелерін жақындастырып, командалық рухты нығайтады. Әрқайсымыздың өз эмоцияларымызды дұрыс басқаруымыз, психологиялық күйіміздің тұрақты болуы жұмыс сапасына да әсер ететіні сөзсіз. Бүгінгі марафонның негізгі мақсаты да осы – қызметкерлердің эмоционалды жағдайын жақсарту, психологиялық саулықты сақтау және кәсіби өмірде сәттілікке жету үшін қажетті дағдыларды дамыту» - деді.

 

 

Іс-шара барысында кафедра оқытушылары қатысушыларға жұмыс орнындағы стресті басқару, эмоционалды интеллектіні дамыту және жалпы психологиялық саулықты сақтау бойынша нақты әдістер ұсынды.

 

 

Кафедра оқытушысы Гүлнара Күребаеваның айтуынша, психологиялық марафон университет қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ол алдағы уақытта мұндай іс-шараны тоқсанына бір рет өткізу жоспарда бар екенін жеткізді.   

«Эмоциялар палитрасы» деген – университет қызметкерлерінің жұмыс алдындағы көңіл-күйін көтеруге бағытталған іс-шара. Негізгі мақсаты – бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, өз-өздеріне деген сенімділікті арттыру, жалпы психологиялық мәдениетті көтеру. Мұнда алдымен тыныштандыру жаттығулары, әр команда мүшелерінің өз көңіл-күйлерінің түсін қалай бейнелейтіндігін байқататын топтық жұмыс орындалып, топта жұмыс жасау, бір-бірімен түсінісе білуге бағытталған жаттығулар жасалады- дейді ол.  

 

 

Еркіндікке және әрекеттің мәнерлілігіне талпындыратын «Би терапиясы» бағытында қимыл-қозғалыс жаттығуларына да кезек беріліп, әр түрлі топтық ойындар ойнатылды. Топтық ойындар барысында командалық жұмысқа баса назар аударылды, қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, топтық үйлесімділік пен байланыс орнату дағдыларын дамытты.