Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жұмыс сапарымен Шәкәрім университетіне келді.
Вице-министр оқу орнының ғылыми-зерттеу орталықтарымен, материалдық-техникалық базасымен, ғылыми жетістіктер мен гранттық қаржыландыру жобаларымен танысты.
Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков ЖОО-ның стратегиялық басымдақтарын, оқу орны миссиясы мен алдағы ауқымды жобалары төңірегінде сөз етті.
Өз кезегінде Қуаныш Асылханұлы Шәкәрім университетінің алдағы жоспары ауқымды екенін тілге тиек етіп, білім ордасының бүгінге дейін атқарылған жұмыстары аз емес екендігін айтты.
Ведомство өкілі жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қазіргі таңда Шәкәрім университетінің 4 жатахқанасында 1000-ға жуық студентке орын қарастырылған. №1,3 және 4 студенттер үйі күрделі жөндеу жұмысынан өтті. Қуаныш Асылханұлы жаңадан ашылған студенттер үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, білім алушылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар вице-министр білім ордасы ұжымымен кездесіп, ғылым және жоғары білімді дамыту бағытында пікір алмасты.