Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі21 қазан 2022сотрудничество, министр, ресми сапар

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек киелі Абай елінің қарашаңырағы Шәкәрім университетіне жұмыс сапарымен келді. Министр ағартушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Сапар барысында Ведомство басшысы білім ордасының материалдық-техникалық базасымен, ғылыми жетістіктерімен, тың жобаларымен танысты.
Басқарма төрағасы - Ректор Бауыржан Ердембеков Саясат Нұрбектің Семей зооветеринарлық-малдәрігерлік институтының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында келуі жоғары оқу орны үшін үлкен мәртебе екендігін атады.
Сонымен қатар министр ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаевты 80 жас мерейтойымен құттықтап, ғалымның ғылымдағы жетістіктері мен салалық маман даярлаудағы сүбелі еңбегін тілге тиек етті.
Ведомство басшысы оқу орнының қызметкерлері мен түлектерінің өңір мен ел дамуына қосып жатқан зор үлесін атап өтіп, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне алғыс хат табыстады.
– "Шәкәрім университеті бүгінде ғылым кеңістігінде өзіндік орнын нақтылады. Білім ордасы жоғары кәсіби білім беру саласындағы уақыт ағымына сай алға қойған міндеттерін табысты шешіп, білім және ғылым саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерден көрінуде" – деді министр.
Кездесуде университет ұжымы ғылым мен жоғары білімді дамытудағы перспективалық ойларын жеткізді. Саясат Нұрбек Шәкәрім шаңырағының ұжымымен естелік суретке түсіп, әлеуметтік желіде кездесуге ниет білдірген университеттің белсенді студенттерімен "Coffee-break" форматында жүздесті.