Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 қараша 2022семинар-тренинг, профессор-оқытушылар құрамы

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБА АЯСЫНДАҒЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

Шәкәрім университетінің оқытушылары таяуда Қазақстанның жоғары оқу орындарының өкілдеріне арналған «Қазақстан жастарын сүт безінің қатерлі ісігін өзін-өзі диагностикалауға оқыту» жобасы бойынша Польша елінің Быдгощ Экономикалық университетінде тағылымдамадан өткенін естеріңізге саламыз.

Аталмыш жобаны іске асырушы – AZS WSG қоғамы (Польша, Быдгощ қ.). «RITA – аймақтағы өзгерістер бағдарламасы» халықаралық жобасын поляк-американдық Бостандық Қоры бірлесіп қаржыландырады. Жобаны іске асырудың келесі кезеңі – Шәкәрім университетінің ПОҚ және студенттеріне сүт безінің қатерлі ісігін өзін-өзі диагностикалауды үйрету.

Осы мақсатта Химиялық технология и экология кафедрасының меңгерушісі А.Сабитова аға оқытушылар Л.Бакирова мен Р.Жармухаметова университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне, студенттеріне семинар-тренинг өткізуді бастады. 

«Қоғамда бүгінгі таңда ешкім өзін-өзі тексеруді көп білмейді. Біздің мақсат студенттер мен оқытушыларды сүт безі обырын өзін-өзі диагностикалауға үйрету.  Егер біз 1 студентке не 1 оқытушыға осы мәліметті жеткізсек, олар минимум 10 адамға айтады»,–дейді Химиялық технология және экология кафедрасының меңгерушісі Альфира Сабитова. 

Сүт безінің қатерлі ісігі – әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық ауру. Науқастанған әйелдердің саны артуы жас ерекшелігіне байланысты, яғни жас ұлғайған сайын қауіп жоғары болады.

Тренинг барысында қатысушылар сүт бездерін тексеру және пальпациялау, сүт бездеріндегі ісік түзілімдерінің мөлшерін, құрылымын, орналасуын және басқа да белгілерін түсінудің маңызды әдістерін үйренді.