Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 қазан 2024шәкәрім университеті

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ АХМЕТТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»

                                                                                   Әлихан Бөкейханов

 

Shakarim University-де «Қазақ әдебиеттану ғылымы және ахметтану мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының даму үрдісі, алаштану бағытындағы ілкімді істер мен зерттеулер, ахметтану ғылымындағы жаңалықтар жайлы айтылып, Алаш идеясы және империалистік сана, түркілік таным, Ахмет Байтұрсынұлының түркі әлемі әдебиетіне ықпалы, Алаш тарихнамасына қатысты проблемалар қозғалды.

 

 

Бұл конференцияның  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында іске асырылған ғылыми зерттеудің нәтижесі екенін  жоба жетекшісі, PhD Қарлығаш Әубәкірова атап өтті.

«Алаш идеясының индексі және жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы (Ахмет Байтұрсынұлының аудармалары негізінде)» деп аталатын ғылыми-зерттеу жобасы аясында үш жыл еңбектенген ғалымдардың әжептәуір іс тындырғанына өзіміз куә болдық.

 

Тарихшы-ғалым  Ұшқын Сәйдірахманұлы «Ұлттық модернизация идеялары: тарих және тағылым» атты баяндамасында  алаш қозғалысының өте ауқымды болғанына тоқталды.

 «Репрессия жылдары ел тағдырына алаңдаған 25 мың адам атылды. Соның ішінде Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің анықталған саны үш мың сегіз жүз.  Олардың бәрі баспасөз бетінде ұлтқа қатысты сөз жазбағанымен, барлығы да Алаш идеясы төңірегіне ұйыса білді. Алаштықтардың жанқиярлығының арқасында 1917 жылы қазақ халқының ұлттық мемлекеті Алаш автономиясы құрылды. Алаш идеясы ХХ ғасыр басындағы өзге де ұлт-азаттық қозғалыстар сияқты демократиялық принциптерге негізделген, ұлттық өзегі бар ұлттық қозғалыс болды.  Сол ұлттық қозғалыс негізінде ұлттық мемлекет құрылды. Ол үкімет жасақтап, әскер құрған, автономия тіктеген, іргелі рухани мұра қалдырып, ұлттық ғылым тағанын қалыптастырған ауқымды қозғалыс,- деді ол.

 

Алаштанушы ғалымдар Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, тарихшы ғалым Ұшқын Сәйдірахман, профессор Мұхтарбек Кәрімов, филология ғылымдарының  докторы Бауыржан Ердембеков т.б. ғалымдар бас қосқан жиында осы жоба аясында атқарылған  жұмыстардың  нәтижесі: түрік ғалымы Нергиз Бирайдың «Ахмет Байтұрсынұлы», ресейлік ғалым Татьяна Тугайдың «Ахмет Байтұрсынұлы»(Орынбор кезеңі), АҚШ ғалымы Стивен Саболдың «Ресейдің отарлау саясаты және қазақ  танымының ұлттық генезисі» сынды кітаптарының  қазақ тіліндегі нұсқасының , сондай-ақ,  «Алаш идеясының жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы»  монографиясы мен  З.Кәрімханның  «Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы: инфографика»  атты туындысының тұсауы кесілді.

«Инфографикада Ахмет Байтұрсынұлының жеке тұлғасына арналған: адами қасиеттері, кісілік болмысы, шығармашылығы, еңбектерінің ерекшеліктері мен маңыздылығын қамтыған инфографиялар шоғыры жинақталды.  Қазақстанда бір тұлғаға арналған жеке инфографика бұған дейін шықпаған. Мұнда ол кісінің еңбектерін сала-салаға бөлдік. Соның ішінде тіл білімі, әдебиеттануға қатысты еңбектеріне жеке-жеке тоқталдық. Өйткені, бұл  саладағы еңбегі ұшан-теңіз. Бір институт немесе академия атқаруға тиісті жұмыстарды жалғыз өзі атқарғаны теңдессіз құбылыс екенін көрсету керек болды. Мысалы, алфавитті жасау үшін ондаған жылдар, оған жүздеген ғалымдар қатысуы керек болса, оны айналдырған он-он екі жылдың ішінде жалғыз өзі жасап шыққанына таңғалмасқа болмайды- деген З.Кәрімхан Инфографиканы мектепте бастауыш сыныптардан бастап жоғары оқу орындарына дейін оқу құралы ретінде сабаққа қолдануға болатынын, қолайлылығын және мұндағы ақпараттың ауқымдылығын атап өтті. Ғалым «Алашты насихаттау идеясы әрқашан да өзекті болып қала береді»- деп ұлтты ұйыстырудың, ұлтқа қызмет етудің ұлы үлгісін көрсеткен Алаш ардақтыларының еңбектерін насихаттау ісінің жалғаса беретінін жеткізді.   

 

Ғылыми жиын барысында Алаш кезеңіне және Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасына қатысты танымдық бейнероликтер көрсетілді.