Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 қыркүйек 2024делегация

ҚЫТАЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ – SHAKARIM UNIVERSITY-ДЕ

Shakarim University-де Алматыдағы Қытай Халық Республикасы консулдығының өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға ҚХР Бас консулдығының консулы Хуан Сяоминь, вице-консул  Чжао Чао, консул-атташе Ван Ци,  Шәкәрім университетінің интернационаландыру және инновация жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай, ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы және осы университетте білім алып жатқан Қытай елінен келген қандас студенттер қатысты.

 

Жанар Қалибекқызы оқу ордасына алғаш рет келіп отырған меймандарды Шәкәрім университетінің терең тарихымен, құрылымымен, білім беру бағыттарымен, ғылыми орталықтардың жұмысымен таныстырды. Ол биыл ҚХР Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, оқу орнының ғалымдары екі ғылыми жобаны іске асыру үшін жұмыс істеп жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, филология жоғары мектебінде екі шетел тілін оқыту жолға қойылған. Соның бірі – қытай тілі.

 

Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылауға келген консулдық құрамның Shakarim University басшылығымен кездесуінің тағы бір себебі, мұнда қытай азаматтары – қандастарымыз оқиды және ҚХР Елшілігінің білім бөлімінің бағдарламасы бойынша қытай тілінің оқытушысы жұмыс істейді. Жалпы, соңғы жылдары Қытай университеттерімен және ірі сауда компанияларымен ынтымақтастық белсенді дамып келеді.