Бүгін Шәкәрім университетінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасы Дархан Жазықбаевтың Абай облысы жастары мен жас мемлекеттік қызметшілерімен кездесуі өткізілді.
Кездесу университет ректоры Думан Орынбековтың алғы сөзімен басталды:
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Толық адам» концепциясы, ар ілімі, ұждан мәселелері өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керектігін баса айтқан болатын. Біз де өз кезегімізде білім алушыларды осы концепция негізінде оқыту арқылы жастардың энергиясын еліміздің қазіргі және сенімді болашағын құруға бағыттауға ниеттіміз – деді универсиет басшысы Думан Рымғалиұлы.
Кездесу барысында Мемлекеттік қызметке кіру ерекшеліктері мен жаңашылықтары турасында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасы Дархан Медеғалиұлы бәсекеге қабілетті, білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары жастарды дайындау – білім жүйесінің басты міндеті болып табылатынын тілге тиек етті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметке кірудің артықшылықтары мен кедергілерін жою және одан шығу жөнінде шараларды кезең кезеңмен іске асырудамыз. Қазіргі таңда өздеріңізге қатысты жаңалыққа тоқталар болсам, осы жылдан бастап жоғары оқу орнын бітірген жоғары көрсеткіші бар (GPA) білім алушылар аудандық, ауылдық, қалалық, облыстық маңызы бар қалалардың аппараттарына конкурстық іріктеусіз тест тапсырмастан тікелей тағайындауға құқығы бар. Сондықтан биыл және келесі жылы оқуын аяқтаған студенттерге елге қызмет етем деген арман-мақсаттарың ұштастыруға зор мүмкіндік бар екенін айтқым келеді, – деді Дархан Медеғалиұлы.
Айта кету керек, қарастырылып отырған мәселе өзінің өзектілігімен жастардың қатты қызығушылығын туғызды. Кездесу соңы сұрақ-жауап пен пікір алмасуға ұласты.